Алматыда Денис Тенді еске алу кеші өтеді
20 шілдеде «Алматы Арена» мұз айдынында Дениспен бірге талай халықаралық жарыстарда додаға түскен достары өнер көрсетеді.
«Денистің достары» атты бұл жолғы кеш ерекше болмақ. Мәнерлеп сырғанаудан әлемге танылған спорт жұлдыздары өнер көрсетіп, Денисті еске алады. Осы бір әсерлі, әдемі спорт түрінің шеберлері орындайтын 8 бағдарлама марқұмның музыкалық композициясымен әрленбек. Бұл – Денистің орындалмай кеткен армандарының бірі.
Ренат Гайсин, композитор:
- Қолымыздан келетіні – бәріміз достары болып қосылып, сол шоуды әсерлі етіп өткізу. Менің ниетім – шоу музыкамен ерекше болсын деген ой. Өйткені ол шоуда көрермен Денистің жарыққа шықпаған әндерімен де танысады.
Шарада Денистің жарқын бейнесі мен үздік бағдарламаларынан үзінді көрсетіледі. Онымен бірге әлемдік жарыстарда өнер көрсеткен ресейлік жұп Игорь Ерёменко мен София Шевченко Сочи Олимпиадасында Денис Тенге қола жүлде сыйлаған қойылымды орындайды.
Елена Радионова, жастар арасында мәнерлеп сырғанаудан екі дүркін әлем чемпионы:
- Мен бұл кеште 2014 жылы Денис өнер көрсеткен музыканың сүйемелдеуімен сырғанаймын. Ол «Mi Mancherai» деп аталған композицияға керемет билеген болатын. Бұл – жүректі елжірететін туынды. Маған да қатты ұнайды. Барлықтарыңызды 20 шілде күні ұйымдастырылып жатқан кешке шақырамын. Денис біздің есімізде мәңгі сақталады.
Денис Тен өте дарынды, әр қырлы болды. Мұз айдынында қалықтап, керемет өнер көрсетіп қана қоймай, ән шығарумен айналысып, өзі орындап, киносценарий де жазды. Сондықтан осы кештің шымылдығы оның авторлық әнімен ашылады. Жарыққа шығарып үлгермеген бірнеше туындысы орындалады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Дана Нұржанова, Ерлан Әбжанов