Мемлекет басшысы елордадағы жеңіл рельсті транспорт құрылысын сынға алды
Келер жылы пайдалануға берілу керек еді. Жобаның құны – 1 млрд 887 млн доллар. Негізгі инвестор – қытайлық компания. Ұзындығы 22 шақырымдық көлік жүйесі әуежай мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалын байланыстырады.
Алайда көлік инфрақұрылымын жетілдіріп, тұрғындар мен қонақтарды жайлылықпен қамтамасыз етуге тиіс болған жоба бүгін аяқсыз қалды. Құрылыс уақытша тоқтатылды, жұмыскерлерге жалақы төленбеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халық үшін ыңғайлы әрі үнемді көлік жүйесін салудың орнына аса қымбат жоба ұсынылды. Ол – жеңіл рельсті транспорт құрылысы. Сәулетшілер мен мамандардың пікірі ескерілген жоқ. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, жеңіл рельсті көлік жүйесімен бір тәулікте жүретін жолаушылардың саны 146 000 адам болады. Бұл – болжам. Алайда қазір әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейін тек 2 000 адам ғана қатынайды. Мен сіздердің жолаушылар санын қалайша 70 есеге арттыратындарыңызды түсінбей отырмын.
Шығынын өтей алмайтын жоба Үкіметке жүктеме болады. «Егер ол тиімсіз болса, оған мемлекеттік субсидиялар бөлуге тура келеді», – деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Астана банкіндегі» 100 млрд теңге көлеміндегі қытайлық несиенің қайтарымы туралы да еске салды. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, бұл мәселенің шешімі – алдағы 2 жылдың еншісінде.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
- Проблемалық несиелер қоры осы қаражатты қайтарудың мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Алғашқы алдын ала нәтмжелер бар, бірақ негізгі жұмыс алдағы екі жылда, яғни 2020-2021 жылдарда атқарылады. Қалған депозиттің қаржысын қайтару ықтималдығы 30-40% шамасында.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы уақытқа дейін кеткен шығын мен халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, жобаны тоқтатуға болмайды. Алайда салдарын түсіну керек. Үкімет пен елорда әкімдігіне аталған мәселеге нүкте қоюды тапсырамын. Нақты ұсыныстар берілсін. Ал жобаны ұсынған тұлғалар бақылаушы органдардың сұрақтарына жауап берулері тиіс. Парламент депутаттары да өз пікірлерін айтуы қажет.