Көкөніс пен жеміс-жидек бағасы шарықтап тұр
Мәселен, СҚО-да көкөністің құны 5,6% қымбаттаған. Елордадағы базарларда қызанақ пен қиярды 200-300 теңгеден аласыз. Ал қарапайым дүкендерде 700-800 теңгеден сатылып жатыр. Қымбатшылықтың себебі неде?
«Жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністердің маусымы қызған шақ. Балғын болғаны қуантады. Алайда бағасы әзірге қынжылтады», – дейді сатып алушылар.
Кәсібі қызған саудагерлер себебін түсіндіріп тырыспақ. Айтары: жалға алатын орын бағасы қымбат. Оның үстіне тауар тасымалы құнға құн қосқызады.
Ақанбек Нұркенов, сатушы:
- Неге қымбат десеңіздер, оған себеп жетеді. Мысалы мына тұрған жеріміздің жалға беру құны да қымбат. Машинамен 3000-5000 тг-мен әкелеміз. 10 жәшік әкелетін болсаңыз, бағасын ақтамайды.
Негізінен еліміздің солтүстігіне көкөністер мен жеміс-жидектер оңтүстік аймақтардан жеткізіледі. Қазіргі таңда Шымкент қаласының базарларында қызанақты 100-150 тг-ден, ал қиярды 150-200 тг-ден кезіктіруге болады.
Нұрбек Бадырақов, Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Ағымдағы жылы қызанақ пен қиярдың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1200 гектарға артып, 16 900 гектарды құрап отыр. Атап айтқанда, қызанақ – 11 300 гектар, қияр – 5 600 гектар. Бүгінгі таңда 6 айда 66 900 тонна қызанақ, 49 700 тонна қияр өндірілді. Осы күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласына жалпы 36 тонна қызанақ, 41 тонна қияр жөнелтілді. Қызанақ 300 теңгеден, ал қияр 160 теңгеден сатылып жатыр.
Статистика комитетінің есебінше биыл маусым айында өсімдік шаруашылығы өнімдерінің өсімі байқалады. Мамыр айына қарағанда баға 0,9% жоғарылаған. Ал жылыжайда өсірілген қияр мамыр айындағыдан 18,3%, қызанақ 21,5% арзандаған. Бірақ өткен жылдың қаңтар-маусым аралығымен салыстырар болсақ, көңіл көншітпейді.
Қымбатшылықтың себебін біз тиісті ведомство өкілдерінен сұрадық. Әзірге олар ресми жауап дайындау үстінде. «Мән-жайды түсіндіреміз», – деді.
Авторлары: Риат Шони, Динара Жанбатырова