Ақсай қаласы күл-қоқыстан көз аша алмай отыр
Жергілікті билік бұл қадамға амалдың жоқтығынан барып отыр. Әйтпесе Ақсай қаласы күл-қоқысқа көміліп қалуға жақын.
Қаланы күл-қоқыстан тазартуға жергілікті кәсіпкерлер жұмылды. Ақсай қаласына кірген жанның көзіне көшеде шашылған күл-қоқыс алдымен шалынады. Жағымсыз иісі жанынан жүргізбейді. Ал жергілікті тұрғындардың бұған еті үйренген сыңайлы. Үйренбегенде қайтсін, жыл басынан бері көрген күні осы.
Армат Сейпенов, Ақсай қаласының тұрғыны:
- Сыртқа шыққанда балалар ойнай алмайды. Маса, шыбын ойын шырқын бұзады. Күнде осылай. Ешкім жинамайды.
Арман, Ақсай қаласының тұрғыны:
- Үйім мына қоқыс жәшігінің қасында орналасқан. Осындай жағдай орнағалы көп уақыт өтті. Ешкім шығармайды. Балабақшаға дейін 50 метр қашықтық жатыр. 20 метр жерде балалар ойнап жүр.
Қала тазалауды бұрын коммуналдық мекеме атқаратын. Бюджеттен алатыны бар, өзге тірліктен табатыны бар, тұрғындардың төлемақысына аса бір тәуелді болмайтын. Ал осы істі бәсекелі ортаға бергелі қалыпты қызмет ырғағынан жаңылды. Биылдыққа бірнеше компания ауысқан. Соңғысы қоқыс шығарудан шаршағанын жарты ай бұрын айтыпты. Аудан әкімдігі амалсыздан «Асар» акциясын жариялапты. Күні бүгін 5 кәсіпорын өз техникасын бөліп, қаланы тазалауда.
Ахмет Италиев, кәсіпкер:
- Осы жағдай аясында қала ішінде акция жарияланған. Соған жұмыла бірігіп, қала тазалығы үшін үлес қосып жатырмыз. Қазір қала ішінде 3 жүк көлігі жұмыс жасап тұр. Күніне әрбір машина 12-15 мәрте қоқыс тиеп шығарады.
Қала тазалығын қолға алған кәсіпкерлердің жұмысты жарты жолда қалдыру сыры неде? Мамандардың мәлімдеуінше, оған бірінші себеп – тұрғындардың төлемақы төлемеуі. Жан басына шаққандағы тариф 200 тг болса, 40 мың тұрғыннан айына 8 млн теңге жиналуы тиіс. Ал құралған қаражат 2 млн теңгеден асып көрмепті. Екінші себеп – арнайы техникалардың болмауы.
Амангелді Тоғызбаев, Ақсай қаласының әкімі:
- Біз қазір қоқыс шығаруға ниетті кезекті кәсіпкерге әуелі төлем жинауды жүктеп отырмыз. Ол үшін онлайн төлеуді енгізу керек. Сондай-ақ аудан бюджетінен арнайы ақша бөлінді. Алдағы уақытта екі қоқыс шығарушы техника сатып алынады. Ол техникалар аталған кәсіпкерге жалға беріледі. Сонымен бірге бюджеттен 200-дей қоқыс контейнерін сатып алдық. Оны орнатуды бастадық. Тек осылай ғана көмектесе аламыз. Басқаша субсидия бөлудің, қаржылай қолдаудың ешбір заңды жолы жоқ.
«Ақсай қаласын күл-қоқыстан тазалап қарық қыламын, өзім де пайдаға кенелемін» деп келгендердің жыл басынан бері 4-еуі өз міндетінен тайқып кеткен көрінеді. Енді бұл іске 5-ші кәсіпкер бел шеше кіріспек. Ол да көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағандардың сапынан табыла ма, жоқ па, оны уақыт көрсетпек. Бірақ қалай болғанда да бұл іске немқұрайлылық танытуға болмайды. Әйтпесе қала қоқысқа көмілуге жақын.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов