Ақтөбеде мектепке дейінгі мекемелерде орын жоқ
Себебі мектепке дейінгі мемлекеттік мекеме меңгерушілері бүлдіршіндерді шектен тыс қабылдаудан бас тартып жатыр. «Бұған дейін қалалық білім бөлімінің жолдамасымен келген балаларды да уақытынан бұрын шығарамыз», – дейді. 3 және 6 жас аралығындағы 12 мыңға жуық бүлдіршін мектепке дейінгі мекеме тәрбиесінен қағылады.
Ақтөбе маңындағы Жаңақоныс ауылының тұрғыны Қонысбай Махамбетов күні бойы 2 немересін ертіп жүреді. Бұған дейін үлкені Нұрбек осындағы жалғыз мемлекеттік балабақшада болған. Оның ізімен қарындасын жетектеп апарғанымен, мекеме меңгерушісі «орын жоқ» деп қабылдамай қойыпты. Екеуінің орнын ауыстыруға да келіспеген.
Қонысбай Махамбетов, Жаңақоныс ауылының тұрғыны:
- Үлкен немеремді 5-ке толған соң шығарып алып отырмын. Орнына қызымды алу үшін. Қызым 8 мамырда 3-ке толып кетті. Содан бері балабақша жоқ. Қазір үлкенін де шығарып алдым, екеуі де балабақшада жоқ. Сонымен оларды өзіміз ойнатуға тура келіп отыр.
Балалардың бақшасыз қалуының басты себебі – мекеме меңгерушісіне 600 мың теңгеге жуық айыппұл салуында болып тұр. Ата-аналар иек артқан 150 орындық балабақшада бұған дейін 230 бөбек тәрбиеленіп келген. Санитарлық нормадан артық болуына байланысты құзырлы орган лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапқа тартыпты. Мұндай жағдай облыс орталығындағы мемлекеттік балабақшалардың барлығына дерлік тән.
Лаура Ршауова, облыстық ТКҚС қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Ақтөбе қаласындағы 32 мектепке дейінгі мекеменің басшылары немесе лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік іс қозғалып, хаттама толтырылды. Бақшадағы балалар саны тиісті нормадан артық болуына байланысты 3 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Балабақшадағы бос орындарды бекіту, мекеме меңгерушілеріне тек өткен жылдың қараша айынан бастап берілген. Қабылдауға қауқарлы бала санын интернеттегі арнайы парақшаға жазады. Ата-аналар болса, бөбектерін көрсетілген бос орындарға сәйкес тіркейді. Бұған дейін жолдаманы қалалық білім бөлімі бекітіп келген болатын.
Болған Молжанова, №35 мектепке дейінгі мекеме меңгерушісі:
- Балабақшаға балаларды қабылдайтын мекеме – қалалық білім бөлімі. Қалалық білім бөлімі осы уақытқа дейін балаларды индикативті жоспарға сәйкес 150 орынға 230-ды қабылдап келді. Ал маған салынған айыппұл «дәлелді» деп есептемеймін. Себебі ол қателік менің тарапымнан емес. Сол себепті тиісті орындарға, сотқа шағымдандым.
Жолдаманы жаудырған қалалық білім бөлімі мәселемен таныс екендігін айтады. Алайда жеңін түріп, шиеленіскен жайтты шешуге кірісер жайы жоқ. Ал бюджеттік мекеме басшылары балаларды шектен тыс қабылдаудан бас тартса, кезектегілер саны күрт өсетіндігін де мойындайды.
Жұлдыз Шалабаева, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
- Мектепке дейінгі ұйымдарда қазір бос орындар қойылмай жатыр. Порталдарда, сайттарда бос орындар әлі анықталған жоқ. 3 пен 6 жас аралығындағы бала саны 4500-ден асады. Уақыт өте келе одан 2 немесе 3 есе көбейіп кету қаупі бар.
Білім бөлімінің мамандары кәсіпкерлерден ғана көмек күтіп отыр. «Мәселені шешуге жекеменшік және мемлекеттік әріптестік бағдарламасы септігін тигізуі тиіс», – дейді. Алайда биыл тек 7 жекеменшік мектепке дейінгі мекеменің құрылысы аяқталады. Бұл нысандар қазір кезекте тұрған 4500 бөбектің өзін толық қамти алмайтыны айқын. Санитар мамандарының ықпалымен шеттетілген балалардың қайда барары тіптен белгісіз. Шаһардағы 150-ге жуық мектепке дейінгі мекеменің ешқайсысында бос орын жоқ.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков