СҚО-да 5 жасар бала белгісіз жидектен уланып, көз жұмды
Қазір осы оқиғаға қатысты сараптама жүргізіліп жатыр. Бұл ретте мамандар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін балалар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін ескертеді.
Қайғылы жағдай 16 шілдеде Кішкенекөл ауылында болды. Бір үйдің 4 баласы аула маңында өсіп тұрған жидекті жеген. Әзірге қандай екенін анықтау мүмкін болмай отыр. Тіпті 5 жастағы сәби ұйықтаған күйі оянбаған. Науқастар екінші күні санавиациямен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Инна Тальникова, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Анасының айтуы бойынша жидекті тек балалар ғана жеген. Біз оларға бірнеше түрін көрсеттік. Алайда бүлдіршіндер нақты мынау деп айта алмады. Қызығы – жидекті жемеген анасы да дәл осылай уланған. Уақытылы ем-дом көрсетілген науқастар 3-4 күннен кейін үйлеріне жіберілді.
Қазір осыған байланысты өңірдің санитар дәрігерлері дабыл қағып отыр.
Наталья Беляева, облыстық Тауарлар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім жетекшісі:
- Балалар негізінен түрі, түсі әдемі жидектерге қызығады. Тіпті абайсызда жеп қоюлары да мүмкін. Сондықтан бүлдіршіндерді қараусыз қалдыруға болмайды. Ал 5 жасқа толмағандарға мүлдем саңырауқұлақ бермеген жөн.
СҚО-да улы жидек пен өсімдіктердің 5-6 түрі өседі. Олардың адам денсаулығына ең қауіптісі – саңырауқұлақ. Былтыр оны жеген 16 адам уланып қалған.
Жаз мезгілі болғандықтан, аптап ыстықтан кейін жауын жауса, орманда саңырауқұлақтар қаптап шығады. Бұл ретте мамандар оны пайдалануда абай болу керектігін ескертеді. Өйткені мұның арты қайғылы аяқталуы мүмкін.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов