Балаларға берілетін төлқұжат бағасын арзандату мәселесі қарастырылып жатыр
«Бұл – халықаралық талаптарға сай тәртіп», – дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері. Қазір министрлік балаларға берілетін төлқұжат бағасын арзандатуды қарастырып жатыр. Бірқатар елде өзге мемлекеттен келген балалардан төлқұжат талап етеді.
Елімізде электронды чиппен биометриялық төлқұжаттарды беру осыдан 10 жыл бұрын қолға алынды. Ана-аналардың төлқұжатына балалары жайлы қолмен енгізілген жазбада биометриялық мәліметтер болмайды. Сол себепті де шекарадан өту кезінде мәселе туындап, кей жағдайда азаматтар кері қайтарылып жатады. Жалпы ел тұрғындары көп баратын АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Испания, Франция сынды шет елдерде сол мемлекетке ата-аналарымен келген балалардың төлқұжаты болуы міндетті. Ал ата-ананың төлқұжатына балалардың фотосуреттерін жапсыру құжат ретінде мойындалмайды.
Сабыржан Сейтжанов, ҚР ІІМ көші-қон қызметі төрағасының орынбасары:
- Қазіргі таңда министрлік кәмелеттік жасқа толмаған балалар төлқұжатының бағасын төмендетуді қарастырып жатыр. Бұл ұсынысты мемлекеттік органдар мақұлдап, тиісті құжатқа қол қойса, мәселе шешіледі деген ойдамыз. Бүгінгі таңда төлқұжаттың құны – 20 мың теңге. Жыл соңына дейін бұл баға өзгереді деген сенімдеміз.
Ата-аналардың төлқұжатына фотосуреттерді жапсырудан бас тарту бірінші кезекте шет мемлекетте қиын жағдайға тап болған балаларды қорғауға мүмкіндік береді. «Сол себепті алдын ала төлқұжат жасатқан арзан әрі ыңғайлы», – дейді мамандар.
Ұлан Сапарғали, Байқоңыр аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің жетекші маманы:
- Төлқұжатты рәсімдеген кезде, біріншіден ата-анасы мен баласының болуы міндетті. Заңға сәйкес тұрақты тіркеуі анықталған жағдайда құжатты рәсімдеу процесі басталады.
Заң бойынша «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, ҰОС ардагерлері, Ауған соғысы ардагерлері және мүмкіндігі шектеулі жандар баж салығынан босатылады.
Авторлары: Мерей Қалиасқар, Айбын Құсанбеков