Мемлекеттен заңсыз әлеуметтік көмек алғандар әшкере болды
Алматыда зәулім үйлері мен қымбат көлігі бар отбасылар да мемлекеттен көмек алып келген. Атаулы әлеуметтік көмектің берілуін тексерген арнайы комиссия осындай былықтың бетін ашты. Сәуір айынан бері бұл көмек қаладағы 8 300 отбасыға берілген. Оның 300-ге жуығы көмекке мұқтаж отбасылар қатарына жатпайтын болып шықты.
Марина Ничкова – 6 баланың анасы. Үлкені биыл 17 жасқа келеді, кенжесі 1 жастан асқан. Жолдасымен ажырасқаннан бері балаларымен пәтер жалдап тұрады. Ал отбасылық табысы 50 мыңнан сәл ғана асады. 40 мың тг алимент алса, 10 500 тг оған көпбалалы ана ретінде беріледі.
Марина Ничкова, көпбалалы ана:
- Сәуір айынан бері атаулы әлеуметтік көмек ретінде ай сайын 142 мың тг аламын. Мен үшін бұл – үлкен көмек. Ең алғашқы қаражатқа балаларыма киім-кешек, ойыншықтар алдым. Қуанғандарын көрсеңіз ғой.
Атаулы әлеуметтік көмектің берілуін тексерген арнайы комиссия Маринаға бұл көмектің тиесілі екенін айтады. Бұдан кейін олар Алматының жоғарғы жағындағы, яғни ауқатты адамдар тұратын мекенжайларға барды. Себебі қаладағы зәулім үйлердің тұрғындары да: «Отбасылық табысымыз кедейшілік шегінің 70% аспайды», – деп, әр балаға 22 088 тг көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырған.
Диляра Иманқұлова, Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:
- Бүгінге дейін біз атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 3784 отбасын тексердік. Солардың ішінде 299-ы бұл санатқа жатпайтыны белгілі болды. Себебі олардың материалдық жағдайы жақсы. Баспаналары, бірнеше көлігі және дүкендері бар отбасылар болып шықты.
Бұл отбасылар құжат тапсырғанда тұрақты мекендері мен табыстарын жасырып қалған. Алайда қитұрқы әрекеттің беті ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алып келген 53 отбасы бүгінгі күні өз еріктерімен қаржыны ел қазынасына қайтарған. Ал мойындамай отырғандар сот алдында жауап береді. Айта кету керек, мұндай рейд ай сайын өткізілетін болады. Мемлекет қазынасына қол сұғып, жағдайымды жақсартып аламын деп ойлау – бекер.
Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов