Жарты жылда екі бірдей табиғат сақшысы браконьерлердің қолынан қаза тапты
Қара шаңырақ қаңырап, отбасы аңырап қалды. Оның артында әйелі, 3 қызы және 8 жасар ұлы қалды. Киікті көздеген броконьерлердің соңына түскен екі инспекторға «Нива» көлігінен оқ атылған. Салдарынан 43 жастағы Қаныш Нұртазинов ауруханаға бара жатқанда көз жұмды, ал екінші инспектор Самат Оспанов қазір ауруханада жатыр. Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қоскөл ауданының тұрғыны Қаныш Серікұлы «Охотзоопром» мекемесіне 2016 жылдың 5 қаңтарында жұмысқа тұрған. Ауылдастары оның құрметті азамат болғанын айтады.
Досек Уатаев, Қоскөл ауылының әкімі:
- Ол өте еңбекқор жан болатын.
Ішкі істер министрлігі қандықол броконьерлерді жерден де, көктен де іздегендерін айтады. «Арлан» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері қатысқан іс-шаралардың нәтижесінде күдікті анықталып, қамауға алынды», – деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
«Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Арқалық қаласының тұрғыны күдікті ретінде анықталып, ұсталды. Сондай-ақ қылмыс орнынан 20 шақырымдай жерден «Нива» маркалы автокөлік табылды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыс құралы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Бірқатар криминалистік сараптама тағайындалды. Бұл қылмысқа басқа да қатысушылардың бар-жоғы тексерілуде. Қорықшы Қ.С.Нұртазиновтың өліміне және қорықшы С.К.Оспановты өлтіру әрекетіне байланысты ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарламасында.
Жыл басынан бері киіктерді браконьерлік жолмен аулау фактісі бойынша 37 қылмыстық іс қозғалып, 32 адам ұсталған. Келтірілген шығын көлемі 1,3 миллиард теңгеден асып жығылады. 634 киік мүйізі, қылмыс құралдары, сондай-ақ 13 автокөлік және 19 атыс қаруы тәркіленген.
Хаирбек Мұсабаев, «Қансонар» АҚБ және АШС қауымдастығының бас директоры:
- Киіктің мүйізімен ұсталғандарға және оны кеденнен алып өтпек болғандарға жазаны қатаңдату керек. Бұл фактіні есірткі не қару-жарақ тасымалдау секілді қылмыс түрімен теңестерген дұрыс. Жаза жұмсақ. Сондықтан броконьерлер басынып барады. Инспекторлардың жалақысы аз. Бұрын броконьерді ұстаған инспекторға сыйақы беру жүйесі болатын, соны қайтару керек.
Ақбөкендерге ғана емес, қорықшылардың өзіне қорған керек болып тұр. Қазір Қазақстан бойынша 800-1000 жуық дала инспекторы бар. Олардың жалақысы 60 мың тг төңірегінде. Адам – аз, ақша – төмен, техника – ескі. Қорықшылардың қолын байлап отырған бұл мәселелер атыраулық инспекторларға жақсы таныс. Атырау облысында браконьерлермен күрес Жайық өзенінің төменгі сағасы мен Каспий теңізінің аумағында қатты шиеленіседі. Себебі бағалы бекіре тұқымдастардың шоғырланған жері – осы маңай. Жыл басынан бері қарай балық аулау ережесін бұзған 1262 дерек тіркеліпті. Браконьерлерден 13 тонна балық тәркіленіп, 11 қылмыстық іс көтерілген. Оңай олжаға құныққандар арасында көршілес мемлекеттерден сайланып келгендер де бар. Олар әр қайыққа үш-үштен қуаты 200 ваттық мотор қондырып, айдын бетінде еркін жүйткиді. Осы заманғы ең озық техникамен мұздай қаруланғандықтан, балық қорғаушылардың қуып жетіп, құрықтауына инспекторлардың көп ретте қауқарлары жете бермейді.
Рүстем Қорқытов, облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы:
- Біріншіден, бізге теңіз аумағына еркін шығу үшін кемелер керек. Себебі браконьерлердің бүгінгі техникалық мүмкіндігі бізден анағұрлым артық. Оларды кездестіргеннің өзінде құрықтау өте қиын. Сондай-ақ шағын ұшқыр қайықтар да артықтық етпес еді. Сосын жетілдірілген радиобайланыс пен түнгі жорыққа арналған дүрбілер керек.
90-шы жылдардың басында қазақ даласында 2 млн-ға жуық киік жосып жүрген деседі. Қазіргі саны 215 мың төңірегінде. Киесі бар киік пен қорғансыз қорықшыны мемлекет қамқорлығына алуы тиіс.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Арыстанбек Кенже, Сұлтан Қалдыбеков