Баянауылдың ескерткіштер кешені ЮНЕСКО-ның назарына ілікті
Мұндай пікірді Ертіс өңіріне келген халықаралық ұйымының шетелдік және отандық ғалымдар тобы айтты. Экспедиция мүшелері жер жәннаты атанған Баянауыл өлкесінің киелі орындарын аралап, бағасын берді.
Шетелдік және отандық ғалымдар тобының сапары «Ұлы даланың мәдениеті мен тарихы» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылды. Бірнеше күндік экспедиция барысында сарапшылар Баян өлкесінің тауы мен тасының, сайы мен қырқасының бай тарихымен танысты.
Алтынбек Құрманов, өлкетанушы:
- Көне дәуірден келе жатқан қасиетті Қоңыр әулие мекені, Кемпіртас Қазақстанда сирек кездесетін табиғи ескерткіштер болып саналады. Данатас, көгершінтастың барлығы мемелкеттік емес, әлемдік деңгейдегі қорғауға алынуы тиіс.
ЮНЕСКО атынан келген экспедиция құрамында бельгиялық Лёвен университетінің антрополог-ғалымы Анна Мария Вильмено бар.
Анна Мария Вильмено, әлеуметтік антрополог:
- Көшпенділердің тарихымен ғана емес, біздің заманымызға дейін өмір сүрген адамдардың тіршілігімен жақынырақ таныстық. Мұның бәрі бір Баянауыл өңірінде көрініс тапқан. Ескерткіштерді көріп тәнтіміз. Оларды халықаралық деңгейде сақтап, тыңғылықты зерттеу керек.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Сақ қорғандары немесе Мұртты қорғандар әлемнің бірнеше мемлекетінде ғана кзедеседі. Алғашқылары Алтай өлкесі мен Моңғолияның аумағынан табылған. Ескерткіштердің тағы бір үлкен шоғыры Орталық Қазақстан мен Баянауыл өңіріне тиесілі. Мамандардың пайымадауынша, осындай нысандар 2500 жыл бұрын пайда болған. Біздің өңірде алғашқы зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 80-ші жылдары жүргізілсе де, олардың құпиясы белгісіз. Бұл – болашақтың еншісінде.
Бұл жерде ислам мәдениетіне дейінгі ғибадатханалар мен табыну ескерткіштері орналасқан.
Тимур Смағұлов, «Марғұлан» орталығының директоры, археолог-ғалым:
- Мұртты қорғандар – аса маңызды археологиялық ескерткіш. Бұл жерді ашық аспан астындағы ғибадатхана деуге болады. Сақ көшпенділері күн құдайына сеніп, бұл жерде көне салттарын жүргізген. Оған осы тастар, тастағы суреттер мен қорғандар дәлел. Осындай бағаналар сағат тілінің қызметін атқарған, биіктігі 8 метрге дейін жетеді. Жартастарда арқарлар, күн суреттері көрініс тапқан.
Торайғыр көлінің маңындағы сақ қорғандары соңғы 2 жыл ішінде тыңғылықты зерттеліп жатыр.
Меруерт Әбусейітова, экспедиция жетекшісі, Р.Сүлейменов атындағы шығыстану университетінің директоры:
- Еліміздің кей өңірлеріндегі қорғандар тоналған немесе бүгінгі күнге дейін жетпей қалса, баянауылдық ескерткіштер жақсы сақталған. Бұл тастар әлемдік ғылым үшін маңызды мағлұмат береді. Бір Баянауыл өңірінің өзінде қанша ескерткіш бар. Әріптестерім тәнті болды. Жергілікті ғалымдардың еңбегіне жоғары бағасын берді. Енді ЮНЕСКО тізіміне енгізу бойынша тиісті жұмыс атқарамыз.
Экспедиция мүшелері «олардың барлығы халықаралық ұйымның қорғауына алынуы керек» деген пікірде. Себебі кейінгі ұрпаққа жетпей қалуы әбден мүмкін. Алдағы уақытта ғалымдар нысандарды тізімге енгізу бойынша құжаттама әзірлеуді бастамақ.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков