ҚР Президентінің сапарынан соң Қосшыда не өзгерді?
Президенттің ат басын бұруына ауылдағы су тапшылығы түрткі болды. Жалпы бұл ауыл елдің бас ордасынан небәрі 20 шақырым қашықта орналасса да, қағаз жүзінде Ақмола облысына қарайды. Қосшыда баспана арзан. Сондықтан сырттан келетін халық осы мекенді тұрақтайды. Мәселе де осыдан туындап отыр. 16 мыңға шақталған шағын ауылда қазір 62 мыңнан астам адам тұрады. Жергілікті халықтың түзу жол, таза су секілді қарапайым талаптарын орындауға қаржы тапшы. Президенттің сол сапарынан бері 3 ай өтті. Берілген тапсырмалар орындалып жатыр ма? Қосшыда не өзгерді?
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Жақын, жақын да болса алыс. Елорданың етегін ала қоныстанған Қосшы өркениетке қаншалықты жақын болса, одан соншалықты алыс. Бұл мекеннің тұрғындары үшін түзу жол, таза су әлі күнге арман. Қосшы қазір өсті. 62 мың тұрғыны бар ауылдың ахуалы осы көктемде Президенттің назарына іліккен. Содан бері не өзгерді?
Осыны білмекке жергілікті әкімдікке келдік. Қоржын тамнан биліктің белгісі сезілмейді. Тіпті жалау да жабырқап тұрғандай. Әкімнің қабылдауы, бос бөлме, жабық есік. Кейін хабарлағандай, әкім 2 апта демалысқа кеткен. Қайда демалып жатқанын біз қазбалаған жоқпыз. Президент берген бірінші тапсырма мектеп салу болатын. Себебі 62 мың халық тұратын Қосшы елді мекенінде үш ауысымда оқитын үш қана мектеп бар. Мынау 1200 оқушыға арналған сол жаңа мектептің қазықтары. Президенттің жеке тапсырмасына бақылау көп көрінеді.
Марат Таңатаров, участок басшысы:
- Әкімдік күнде келіп тексереді, автормен күнара байланыстамыз. Қолдан келгенше бір күнді де босқа жібермеуге тырысамыз.
Жоспар бойынша мектеп 21 айда салынып бітуі тиіс еді, бірақ облыс әкімі асықтырып отыр, 19 айға қысқарды. Демек, 2021 жылдың Жаңа жылында жаңа мектеп дайын болады. Қосшы тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе – су тапшылығы.
Сол судан туындаған шудан соң Мемлекет басшысы Қосшыға арнайы келген болатын. 5 күн кенезесі кеуіп отырған кентке Президент келгенде бірден су берілген. Содан бері тапшылық көрген жоқпыз десе де, тұрғындар суды сатып алып ішеді.
Нұрзия Ақтанова, ауыл тұрғыны:
- Мына дүкенде 5 литр су 25 теңге тұрады. «Ділназ» деген дүкенде ол 50 теңгені құрайды. Кейде жоқ болып қалғанда, 50 теңгеден де сатып аламыз.
Лесная поляна ауданының тұрғыны Аида Жәлелова үш баласын суға күндіз шомылдырады. Себебі кешке судың қысымы түсіп кетіп, 4-қабатта тұратын бұл үйге су жетпей қалады. Қосшыға келген бізді өзі тауып алған ауыл әкімінің орынбасары Парасат Досмағамбетов бұл проблема жақын арада шешіледі деп отыр.
Парасат Досмағамбетов, ауыл әкімінің орынбасары:
- Енді Лесная поляна су құбыры бөлек желі, ал Қосшыға бөлек болады. Сонымен бұл мәселені шешеміз деп отырмыз. Биыл көп жұмыс жүргізілді. 14 скважина қосылып тұр. Судан мәселе жоқ деп айтуға болады.
Қыста қалың қар, көктемде белуардан батпақ. Жол мәселесі де қосшылықтарды қинап тұр. Ауылда 190 шақырым жер болса, соның 30 шақырымына ғана тас төселген. Бірақ жергілікті әкімдік биыл жол жөндеуге әдеттегіден көп қаржы бөлінгенін айтып қуанып отыр. «Президенттің сапарынан соң Қосшы өзгере бастады», – дейді жергілікті белсенділер.
Айдын Төребаев, ауыл белсендісі:
- Әрине, өзгерістер бар. Ақырындап жолдар салып жатыр. Дегенмен бүгінгі таңда әлі де көп нәрсе жасалуы керек. Ауданның, ауылдың әкімі жұма сайын, облыс әкімі де екі жұмада келіп кетеді. Президент келгелі 100 орындық емхана саламыз деген еді. Қозғалыс бар.
Қазір Қосшыда қағаз жүзінде 16 мың тұрғыны бар, ал іс жүзінде 62 мыңды құрайды. Осы 62 мың адамның сұранысын өтеуге ауыл бюджетінің қауқары жетпейді. Ел арасында Қосшыға қала мәртебесін береді деген сөз кезіп жүр. Сол сөздің шындыққа айналуын ауыл тұрғындары асыға күтіп отыр.
Айдын Төребаев, ауыл белсендісі:
- Біз қала статусын береді дегенге сенеміз. Бір ай бұрын актив жиналысында ол мәселе көтерілген. Президент алдына барды деп те естідік. Облыстық деңгейде қала болатын болса көп мәселе шешіледі.
Сонымен Қосшының көркі кіре бастады. Президенттің пәрменінен соң. Әрине, 10 жылда қордаланған мәселе 3 айда шешіле қалмасы анық. Ең бастысы, ертеңгі күнге деген сенім оянды, ал келер күннен жақын жоқ.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков