Келесі жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтеді
Қазір мемлекеттік комиссия құрылып, дайындық шаралары пысықталуда. Мерейлі датаны ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ ұйымы аясында тойлау да қарастырылған.
Абайдың 150 жылдық мерейтойы тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ елін алғаш рет әлемге паш еткен айтулы оқиға болды. Елдің абыройын асқақтатқан сол дүбірлі тойда іске қосылған «Абай-Шәкәрім» кешеніне бүгінде жер шарының түкпір-түкпірінен ағылған жұрт көп. Данышпан ақынның 175 жылдық мерейтойына байланысты мұнда да іргелі жөндеу жұмыстары қолға алынбақ.
Жандос Әубәкір, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейінің директоры:
- «Қазқайтажаңарту» мекемесі арқылы осы кешенге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 200 млн ақша қарастырылып жатыр. Онымен бірге біздің жалпы мақсатымыз – шетелден келетін, өз еліміздің туристеріне, Абай рухына тағзым етіп, Абай мұрасына тағы бір назар салғысы келетін адамдарға жағдай жасау.
Қарауыл ауылының тұрғыны Құсман Берлешов – Абайдың ұрпағы. Келесі жылы 175 жылдық той өтеді дегелі дегбірі қашып, Жидебайда жиі болады. Оның ойынша, бұл шара – еліміздің мәртебесін асқақтатып, әлемге танытар тағы бір мүмкіндік.
Құсман Берлешов, Абайдың ұрпағы:
- Тағзым жасап жатқан біздің қазақ елі ғана емес, Германиядан келген немістер де тағзым жасап: «Біз Гетені білген кезде Гете мен Абай атаны қатар қойып, қазіргі уақытта сол кісінің шығармаларының бәрін жатқа айта аламыз», – дейді. Атамыздың айтатыны, қара сөздері біздің бағдаршамымыз, сол жолмен жүруіміз керек.
Мына үйді 1895 жылы Абай атамыз ерекше жобамен, қала мәдениетіне сәйкес өзі салдырған. Өмірінің соңына дейін осында тұрып қара сөздерін, аудармаларын жазды. Қазір музейде 50-ден астам данышпан ақын өзі тұтынған көне жәдігер бар. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мұндағы мол мұраны үш тілдегі аудиогид, мультимедиялық қондырғылар арқылы жас ұрпақ пен шетелдік қонақтар назарына жаңаша ұсынуды жоспарлап отыр.
Болат Көкенайұлы, тілші:
- Хакім Абай дүниеге келген мекен – Сырт Қасқабұлақ. Әкесі Құнанбай қажы әулетімен жерленген жер – Ақшоқы. Болашақта осындай тарихи мекендерге аудан және облыс басшылығы инфрақұрылымын жаңартып, асфальт тасжолын салуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде туристер санының одан әрі көбеюіне ықпал етпек.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы