Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерден 8 мың балаға көмек көрсетіледі
Сондай-ақ «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында қолдауға ие болатын отбасылар бар. Әдетте тамыз айында басталатын науқан биыл шілде айынан бері жүргізіліп келеді. Көмекке мұқтаж оқушыларға тағы қандай жәрдем көрсетіледі?
Ботагөз Қожанованың жолдасы осындан 4 жыл бұрын әскери қызмет бабында қаза болған. Бүгінде 4 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. АӘК алатын ананы балалары оқитын мектеп те жыл сайын қолдап отырады.
Ботагөз Қожанова, көпбалалы ана:
- Шілденің бірінші онкүндігінде біз мектептің сұрауына байланысты құжат тапсырамыз. Көпбалалы ана, асыраушысынан айырылды деген қағаз және балалардың құжаттарын тапсырамыз. Мектептен тиісті барлық көмек беріліп жатыр.
Көпбалалы ананың айтып отырған қоры жайлы біреу білсе, біреу білмес. Мектепте кей балаларға ыстық тамақ беріліп, кейбірін тегін жаздық лагерьге жіберіп жататын еді ғой. Мұның барлығы жалпыға міндетті оқу қоры есебінен жасалады. Бүгінгі таңда бұл қордан кімдерге көмек көрсетіледі?
Әнуар Жанғозин, Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы:
- Бірінші категорияда АӘК алатын отбасылардан шыққан балаларға, екіншіден табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, үшіншіден жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төртіншіден төтенше жағдайларға тап болған отбасылардан шыққан балаларға және де өзге санаттарға көрсетіледі.
Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, осы тізім бойынша биыл 8 мың балаға қаржы бөлінеді. Жалпыға міндетті оқу қорына мектеп бюджетінің бір пайыздан кем емес қаражаты аударылады.
Мөлдір Доспаева, тілші:
- Жалпыға міндетті оқу қорынан мұқтаж оқушыға күніне бір рет ыстық тамақ беріледі, мектеп формасы мен спорттық киім, керек болса, қыстық киім де ұсынылады. Мектепке қажетті құрал-саймандар, кеңсе заттары, жазғы лагерьлерге жолдама, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беріледі. Нұр-Сұлтан қаласында қосымша көмек ретінде қалалық мәслихаттың шешімі негізінде жолақы карточкасы ай сайын толтырылады.
Мұның ішінде мектеп формасына қойылатын талаптар да бар. Мәселен, елорда оқушылары тек қою көк түсті форма киюі керек.
Мөлдір Доспаева, тілші:
- Мектепте ұлдарға пиджак, кеудеше, шалбар және ақ жейде кию талап етіледі. Шалбардың балағы тобықтан жоғары болмауы керек. Ал қыздардан пиджак, кеудеше, юбка, шалбар және классикалық жейде кию талап етіледі. Юбканың ұзындығы тізеден 5 см жоғары болмауы тиіс. Осы талаптар сақталса болғаны. Киімді ата-анасы базардан сатып ала ма, тіккізе ме өз еркі. Сатып аламын десеңіз, Нұр-Сұлтан қаласында талапқа сай келетін мектеп формасын өндіріп, саудалайтын 33 жеткізушінің барын біле жүріңіз.
Әнуар Жанғозин, Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы:
- Қазір оқушылардың киімдерін өздері сапалы етіп тігіп, жеткізетін отандық кәсіпорындар бар. Мектеп формасы жиынтығы 20 мың теңгенің айналасында шығады. Оған аяқ киім бағасын қосқанда бір оқушының мектеп формасы 30 мың теңгеден келеді.
Басқарма басшысының есебімен келіспейтін ата-ана көп. 20 мыңға тек сапасыз тауарларды сатып алуға болады дегендер де бар. Осы орайда мектеп формасы матасының құрамы қандай болу керектігі ережемен бекітелген.
Мәселен, 75-85% табиғи маталардан тұрса, қалғаны синтетикалық қоспалардан болса рұқсат. Осындай талаптарға сай тауар сататын дүкеннен Қазақстанда жасалған мектеп формасын сатып алуға 20 мың теңге шын мәнінде жете ме екен?
1-сыныпқа баратын баланың шалбары 8000, пиджагы 12 000, кеудешесі 5500, ал ақ жейдесі 6000 теңгені құрайды. Ең арзан деген мектеп формасының жалпы құны 31 500 теңге болды. Мектеп формасының минималды құрамында пиджактың жоғын ескерсек, 19 500 теңге жұмсайды екенбіз. Әрине, оқушының жыл бойы тек осы бір шалбар мен бір жейдені киіп жүрмейтіні анық.
Ал жалпыға міндетті оқу қорынан жәрдем алатындардың тізімінде жоқ қолдауға мұқтаж отбасылар «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы арқылы көмек алуға өтініш білдіреді. Қолы ашық жомарт жандар жергілікті әкімдіктен қолдауға мұқтаж жанұялардың тізімін алып, жекелей көмектесе алады. Ол үшін меценат, не ірі кәсіп иесі болу міндетті емес.
Авторлары: Мөлдір Доспаева, Аманжол Байғазин, Айбын Құсанбеков