Еліміз бойынша жылына 5 мың тоннаға жуық бал жиналады
Бұған дейін Қазақстан тек Ресейге жөнелтіп келсе, былтырдан бастап тек ШҚО-ның омарташылары Қытайға 500, ал АҚШ-қа биылдың өзінде 27 тонна бал жіберіп үлгерген. Тек бал ғана емес, кейбір мемлекеттерге асылтұқымды араның өзін де сата бастады.
Омарташылар ішкі нарықты өніммен толық қамтып, шетелге экспортқа шыға бастады. Бастапқыда тек Ресейге жөнелтсе, қазір Қытай мен БАӘ және АҚШ-тың алып нарығы да Алтай балын алуға асық. Ал биыл алғаш рет Моңғолияға 500 ұяшық аналық араның өзін экспорттады.
Геннадий Каллер, Қазақстан омарташылар қауымдастығының атқарушы директоры:
- Қазір алыс-жақын шетел нарығына өте көп мөлшерде экспорттауды ойлап отырмыз. Қытайға өткізу үшін бұрын карантин сияқты біраз кедергілер болған. Былтырдан бастап 4 шаруашылық Қытайға өздері өндірген балды жіберуге сертификат алды.
Қазір облыста 151 омарта шаруашылығы, 95 жеке кәсіпкер бар. Ірі 6 шаруашылық бірігіп, кооператив құрған. Нәтижесінде өндірілетін балдың көлемі артқан. Былтыр өңірде 1800 тонна бал жиналса, биыл да сол межеде болмақ.
Олжас Керейхан, тілші:
- Жалпы омарташылық оңай кәсіп емес. Бір ғана омартада мыңдаған бал арасы болады. Оларды баптап, балын жинау бел жазбас еңбекті қажет етеді. Дұрыстап күте білсең, мынадай бір ұяшықтан бір маусымда 100 келіге дейін бал алуға болады. Ал ең негізгісі қандай ара, қандай өсімдік түрінен тозаңды, яғни балды көп жинайтынын ажырата білу болып табылады. Мәселен, мына шаруашылықта 800-ге жуық ұяшық бар. Одан жылына 50 тонна бал жиналады.
Еліміз бойынша жыл сайын 5 мың тонна бал жиналса, ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге 1,5 мың тоннасы артығымен жетеді. Сондықтан омарташылар экспортты еселеп арттыруға мүдделі. Шығыстағы бал өндірушілер көрші Қытай еліне алдағы 5 жылда 15 мың тонна өнім жіберу жөнінде келісімшарт жасаған.
Валерий Қасымбаев, омарта шаруашылығының жетекшісі:
- Бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша Алтай балына қашан да сұраныс жоғары. Оңтүстік Корея, Жапония, тіпті Жаңа Зеландия елінен сұраныс бар. Дегенмен біз экспорт көлемін арттырып үлгермей жатырмыз. Себебі әр елдің азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде өз талаптары бар.
Бал салынған ыдыс та сапалы әрі әдемі болуы тиіс. Алтай балының экспорттағы нарқына парқы сай болу үшін жергілікті шеберлер сол Алтайдың ағашынан ұлттық нақыштағы ыдыстар жасап жатыр. Қазақстанда өндірілген бал екенін сыртқы ыдысына қарап бірден білуге болады. Бұл экспортқа шығатын балдың бағасын да арттырады. Қазір шетелге бір келі бал 3-5 доллар шамасында сатылады. Ал омарташыларға мемлекеттен берілетін субсидия да көбейді. Шығыстағы бал өндірушілер 2017 жылы 127 млн, былтыр 73 млн теңге демеу қаржы алған. Әрбір ұяшық үшін 5 мың теңге төленеді. Қаржылай қолдаудың нәтижесінде омарта шаруашылығының саны арта бастады.
Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов