Атырау облысында жөндеуі бітпеген мектептер бар
Жауапты мамандар: «Білім күніне дейін үлгереміз», – дейді, бірақ жобалық-сметалық және тендерлік жұмыстардың кешігуі салдарынан жөндеу жұмыстары кеш басталған. Сонымен қатар жаңадан салынған 5 мектептің ғимараты 1 қыркүйек күні қолданысқа беріледі. Алайда бұл да 3 ауысымдық оқу жүйесінің жүгін жеңілдете алмайды.
Облыс бойынша бүгінгі таңда 14 мектепте оқушылар 3 ауысымда оқып жатыр. Осы ауыртпалықты жою мақсатында 3 мектепке қосымша ғимарат салынды. Бұл 360 орын үш мектептің жұмысын атқарады. Ал Атырау қаласындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептердің екеуінде 1 қыркүйек күні алғашқы қоңырау соғылмайды.
Жансұлу Төремұратова, облыстық Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Ең күрделі мәселе облыс орталығында. Өйткені облысымызда 14 жалпы орта білім беретін мектеп 3 ауысымда оқиды, ал соның 13-і облыс орталығында орналасқан. Сондықтан өзекті мәселе Атырау қаласында. Бүгінгі таңда қаладағы 4 жалпы орта білім беретін мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның екеуі аяқталды. Алайда №16, №20 мектептердің жұмысы әлі де болса қараша айына дейін созылады.
Бұл мектептерде оқыған балалар енді көршілес ықшамаудандарға қатынап оқуға мәжбүр. Тағы бір мәселе жаңа оқу жылына тек 1-сыныпқа 18 мыңға жуық бүлдіршін қабылданады. Бұл да үшауысымдық оқыту жүйесінің салмағын ауырлата түсуі мүмкін. Жалпы экономикасы да, демографиялық өсімі де қарышты дамып жатқан өндірісті өлкеде биыл жаңа 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Соның төртеуі жаңа оқу маусымына, біреуі жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі.
Нұрлыбек Сақпаров, облыстық Құрылыс басқармасы құрылыс бөлімінің басшысы:
- «Нұрсая» ықшамауданы қазір қаланың көркейіп жатқан аудандары болғандықтан, 900 орындық мектептің құрылыс мерзімі жылдың соңында аяқталуы керек. Бірақ балалардың көптігіне байланысты 1 қыркүйекке бүкіл құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беруге дайын.
«Оқулық сатып алуға биыл бюджеттен 1 млрд 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, бұл қаражат жеткілікті», – дейді мамандар. Ал мұғалім тапшылығы – аймақтағы күрделі мәселелердің бірі. Өйткені облыс бойынша 470 педагог жетіспейді. Білім беру басқармасы республикаға сауын айтып, облысқа шақырғанымен, 170 маман ғана ұсынысты қабыл алған.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Жандос Рахметуллин