«Мектепке жол» жобасы аясында 600 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіледі
Ата-ана баласын ел қатарлы киіндіруге асығады.
Адель биыл музыкалық академияның 4-сыныбына барады. Қалам-дәптер, киім-кешек әлі алмапты. Анасы Маржан Абдуллина 5 баланы жалғыз өсіріп отыр. Оның төртеуі – оқушы.
Маржан Абдуллина, көпбалалы ана:
- Әрбір адамнан сұрай алмаймын. Ең арзан дегеннің өзінде бір балаға 50 мың теңге, яғни 4 балаға 200 мың теңге кетеді. Кішкене шамам келгенше 4-5 мыңға алуға тырысамын. Әрине, сапасы да жақсы, әдемі киімдерді ала алмаймын. Себебі екінші қызыма жетпейді.
Кішкентай қызымен жұмысқа шыға алмайтын көпбалалы ана әзірге мемлекеттің жәрдемақысын бүкіл отбасына талғажау етуде. Әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға көмектесу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі «Мектепке жол» акциясын биыл да ұйымдастырып отыр.
Ержан Жиренбай, ҚР БҒМ комитетінің Балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы:
- Биылғы жылы балаларды барынша көмекпен қамтамасыз ету мақсатында акция бір ай бұрын басталып кетті. Бұл акция аясында «Атамекен» порталында «Мектепке жол» платформасы құрылды.
Былтыр министрлік 580 мың балаға мектепке қажеттіні алып берген. Биыл бұл шараға бюджеттен 20 млрд теңге бөлінді. Оның 1% осы көмекке жұмсалады.
Ал енді жалпы баласын ел қатарлы киіндіруге талпынған ата-анаға нарықта таңдау көп-ақ. Бірақ біз түріктің не ағылшынның брэнд тауарларының емес, отандық мектеп формасының бағасын сұрастырдық.
Әлихан Құрманғалиев, киім дүкенінің әкімшісі:
- Қазақстанда тігілетін киім болғандықтан, бағасы өзгелерден әлдеқайда арзан. Жейде 4-5 мың теңге тұрады. Ал ер балаға костюм мен шалбарды қоса алсақ, 25 мың теңгеге сатып ала аласыз. Пиджак 11 мың теңге, ал шалбардың бағасы 7 мың теңгені құрайды.
Ақиқатында аспанасты елінен жеткізілген киім-кешек бұдан да арзан. Бәлкім брэнд пен базар үйлесімсіз де шығар, бірақ бұл ретте арзан баға мәселесі жеңетіні сөзсіз.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Әрине, әркім көрпесіне қарай көсіледі. Балаларының мектепке қажетті жабдықтарын алу үшін біреулері сауда орындарына, екіншілері базарға барады. Мұнда баға әлдеқайда арзан екені мәлім. Сәлеметсіз бе, қазір баға былтырғыдан арзандады ма, қымбаттады ма?
Әлинұр Аманбаев, сатушы:
- Қазір ұл баланы 15 мың теңгеге киіндіруге болады, оның ішіне костюм, жейде кіреді. Ал қыздарға юбка мен ақ жейдені шамамен 10 мың теңгеге алуға болады.
Абдуллиналардың отбасы енді «Мектепке жол» акциясынан қайыр күтеді. Ал мектеп емес, музыкалық академияда оқитын Адельдің қажетін өздері көтереді. Жаяу Мұсаның «Ақсисасын» ойнаған Адель әзірге ойша болса да оқуға баруға асық.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Болотбек Табалдиев