Хабар телеарнасы

Қостанай облысында бір текше метр судың бағасы мың теңге тұрады

Ондағы тұрғындар тіршілік нәрінің әр текше метріне ай сайын мың теңгеден төлейді. Алғашында үйге су келгенде бөркін аспанға атып қуанған ауыл жұртының бүгінде көңілі пәс. Тұтынған судың төлем қағазы келген кезде көбі абдырап қалды.

Роза Күленова, Аралбай ауылының тұрғыны:

- Су үйге кіргені жақсы ғой, бірақ текше метрі мың теңгеден. Бұл біздің қалтамызға өте қымбатқа түсіп тұр. Кей айда көп пайдаланамыз. Сол кезде 3 мыңнан 5 мыңға дейін шығады.

Судың қымбаттығынан ауыл тұрғындарының біраз бөлігі бау-бақша егуді де қойған. «Тіпті кір-қоңымыз, ас-суымызға да үнемдейтін болдық», – дейді зейнеткер Сәбира Шайзадина. Сонда да айлық ақысы 4-5 мың теңгеге шығып кетеді екен.

Сәбира Шайзадина, Аралбай ауылының тұрғыны:

- Әлгі балаларға да айтып отырамын. Аптасына бір рет моншаға апарам, кір киімдер аптасына бір-ақ рет жуылады. Сосын үйдің жөндеу жұмыстарының өзіне байқап-байқап, құлап жатқан қора-қопсымызды дұрыстап сыламаймыз.

«Ал енді бақша егіп, мал ұстайтын болсаңыз, суға төлем тіптен шарықтап кетеді», – дейді жергілікті тұрғындар.

Есмұрат Мекебаев, Аралбай ауылының тұрғыны:

- Қымбат. Алдыңғы айда 15 мың төледік. Бір айда мұндай сома төлеуге қалта көтермейді.

Іргелес жатқан Көкалат ауылында және одан кейінірек орталықтандырылған су жүйесі өткізілген Ақшығанақ ауылында да судың текше метрі – 30 теңге. Аталған елді мекендер субсидияға ілігіпті. Ал аралбайлықтар екі жылдан бері ондай жеңілдікке ие бола алмай отыр.

Бақытжан Торбаев, Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары:

- Судың өзіндік құны қымбаттау болғаннан кейін бұл да субсидиялауға кірді. Қазіргі таңда соңғы мәлімет бойынша субсидияланғанның өзінде сол 700 теңгенің көлемінде болады. Алдағы уақытта ол қарастырылуда, тағы жеңілдіктер болып жатса, хабарланады.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне хабарласып білгеніміздей жақында Аралбай ауылының тұрғындары үшін ауызсу тарифі 706 теңге 95 тиын болып бекітілген. Ал аудандық коммуналдық кәсіпорын текше метріне 1991 теңге баға тағайындауды сұрапты. Енді әкімдік мемлекет тарапынан субсидиялауға өтініш беруге тиісті. Оның қалай және қашан шешілерін ашып айту қиын.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг