Шымкентте көпбалалы және аз қамтылған отбасыға 101 мың теңге қаржы бөлінді
Жергілікті бюджеттен 101 мың теңге көлемінде бір реттік қолдау қаржы бөлініп отыр. Ол табысы әр отбасы мүшесіне шаққанда 5 мың теңгеден аспайтын отбасыларға беріледі.
Биыл көпбалалы Көкішевтердің отбасында 3 бала мектепке барады. Өздерінің жеке баспанасы жоқ. Бөлме жалдап тұрғандықтан табысының көбі соған кетеді. Отағасы да уақытша жұмысқа жарамсыз. Барлық күш отанасы Раушанның иығына түсті. Бірақ мемлекет көпбалалы отбасын қамқорлыққа алып, қолдау білдірді.
Раушан Көкішева, көпбалалы ана:
- Қаржы қолға тиісімен бірден балаларымды мектепке дайындаймын. Қажетті құрал-жабдықтарын сатып аламын. Бірақ қазір бәрі қымбат.
Қалалық мәслихаттың шешімімен балаларды жаңа оқу жылына дайындау үшін әр мұқтаж отбасына 101 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Ата-аналардың табысы әрбір отбасы мүшесіне шаққанда 5 мың теңгеден аспауы тиіс деген негізгі талабы бар.
Ұлдана Бекбау, ардагерлер мен зейнеткерлер және аз қамтылған азаматтармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы:
- Барлығы аталған отбасылар жоқ деп ойлайды, бірақ олар бар. Бұл негізінен жалғызбасты аналар мен дәрігердің көмегіне зәру және асыраушысы уақытша еңбекке жарамсыз отбасыларға арналған.
Бір айдың ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөліміне көмекке мұқтаж 1367 отбасынан өтініш түскен. Арасында ақша алу үшін табысын жасырғандар да кездеседі. Бірақ қазір шынымен көмекке зәру жандарға қаржы беріліп жатыр.
Зубайра Күшембаева, көпбалалы ана:
- Мен қазір жұмыс істемеймін. Жүктілік демалысындағы көпбалалы анамын. Әрине, қиын. Бірақ қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын.
Көмекке мұқтаж ата-аналар бір баланың өзін мектепке дайындаудың оңай еместігін айтады. Ал 3-4 баласы барларға тіпті қиын. «Осындай кездегі әкімшіліктің көмегі дәл уақытында көрсетілген қолдау болды», – дейді олар. Сондай-ақ қазір аз қамтылған және көпбалалы отбасылар әр балаға төленетін 21 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекке де жүгіне алады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов