Абай Құнанбаевтың туғанына 174 жыл
Уақыт өткен сайын Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасау – заңдылық. Осы орайда елімізде Абайтану ғылымы қандай деңгейде? Абайдың терең дүниетанымына қаншалықты бойлай алдық?
Қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу болуын көксеген Абай жетінші қара сөзінде: «Дүниенің көрінген және көрінбеген сыры болады. Соны адам баласы бірлікте ала отырып түсінбесе, оның жаны хайуанның жаны болады», – дейді. Абай айтқан дүниенің көрінген сыры не? Көрінбеген сырын тани алдық па? Саналы ғұмырын Абайтануға арнаған ғалым Мекемтас Мырзахметов: «Абайдың бұл ілімі дәл қазіргі уақытта қазақ үшін ауадай қажет», – дейді.
Мекемтас Мырзахметов, филология ғылымдарының докторы:
- Көрінген сыр деген – бізді қоршаған материалдық әлем. Оны таныдық. Енді дүниенің көрінбеген сыры – руханият. Бүкіл әлем руханиятты білмей ешқайда бара алмайды. Бізді сансыратып қойған нәрсе, дүниенің көрінген сырын танытты, білді. Ал дүниенің көрінбеген сырын бұлар тани алмады. Абай сол дүниенің көрінбеген сырына қарай ұмтылды.
Өз заманының зарын көріп, ұрпағының ертеңін ойлаған Абайдың жұмбағын шеше алдық па?
Мекемтас Мырзахметов, филология ғылымдарының докторы:
- Шеше алмадық. Абайдың бір жұмбағы толық адам еді, оны шештік деп айта аламыз. Арғы жағын шеше алмадық. Оны шешу үшін Абайдағы жантану ілімін шешуіміз керек. Ішіне кіруімізге болады. Бірақ толықтай шеше алмаймыз. Себебі біз оған дайын емеспіз.
Адамгершілік пен парасаттың биік деңгейін меңзеген толық адам ілімі – түзу жолға салар бағдар. Абайдың көксегені де, көздеген мұраты да сол.
Мекемтас Мырзахметов, филология ғылымдарының докторы:
- Абайдың толық адам ілімін Абай заманында жүзеге асыра алмаса, енді біз мектеп арқылы жүзеге асыруымыз керек. Ендігі ұрпақты осы толық адам ілімімен тәрбиелеуіміз керек. Біз Еуропаның бұзылған педагогикасын оқытып, балаларды бұзбауымыз керек. Ұлттық шығыстық негізде өз педагогикамызды жасауымыз керек.
Мектеп бағдарламасында Абайды оқыту үшін аптасына 34 сағат бөлінген. Нақты әдістемелік құрал болмағандықтан, берілген уақыт діттеген мақсатта пайдаланылмай отыр. «Ал Абайтану институтын ашсақ, жас ұрпақтың санасына Абай мұрасын сіңіру жүйелі түрде жүргізілер еді», – дейді ғалым.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон