Мемлекет басшысы экономикалық мәселелер бойынша кеңес өткізді
Ақордада өткен экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді. «Мұны күнделікті мәселелерге қатысты жедел шешімдер ұсынумен қатар алып жүру керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қазір әлемдік нарықта жағдай құбылмалы. Мұнай арзандады. Оның бағасының құбылуына, әрине, Қазақстанның қос серіктесі АҚШ пен Қытайдың арасындағы «сауда соғысы» да өз салқынын тигізбей қоймағаны анық. Әлемдік нарықтағы құбылулардан тәуелсіз болу үшін Қазақстанға отандық экономиканы дамытудың жаңа әдіс-тәсілдері қажет. Ол үшін экспортты әртараптандыру мен елдегі өңдеу өндірісін дамыту мәселесі тұр.
«Бұл үшін Үкіметтің, Президент Әкімшілігінің және сарапшылар қауымдастығының үйлесімді жұмысы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ кеңесте биылғы 7 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Отандық тауар өндірушілерді қолдау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен тарифтер бағасының өсуін болдырмау, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, сонымен бірге жылыту маусымы мен жаңа оқу жылына дайындық мәселелері талқылады. Соңында Президент азаматтардың тұрмыс сапасының төмендеуіне жол бермеу үшін басты назарды олардың мүдделеріне, халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттеменің толық орындалуына аудару қажет екеніне баса мән берді.