Елордада «Барыс» командасының ашық жаттығуы өтті
Қазір командалар чемпионатқа қызу дайындалуда. Елордалық «Барыс» өзінің алғашқы кездесуін 3 қыркүйек күні өткізеді. Биылғы маусымда командада бірқатар жаңашылдық бар.
«Барыс» командасы барлық маусымаралық турнирлерін өткізіп, чемпионатқа қызу дайындықты үйде жалғастыруда. Бас бапкер Андрей Скабелка жаңа тактикаларды сынап, тыңнан қосылған ойыншылардың шеберліктерін бақылауда. Биылғы маусымда командаға жаңадан 5 легионер қосылды. Солардың бірі – қақпашы Эдуард Паскуале. 28 жасар канадалық спортшы құрлықтық хоккей лигасының «Тампа Бэй» командасынан ауысып келді.
Эдуард Паскуале, «Барыс» ХК қақпашысы:
- Егер Солтүстік Америка мен мына жақтағы ойындарды салыстыратын болсам, айырмашылық көп. Мұнда хоккейшілер қорғанысқа көп көңіл бөледі екен. Жаттығу барысында да өзгешеліктер бар. Бірақ маған барлығы ұнап жатыр. Жаңа маусымда команданың жеңісі үшін тер төгуге дайынмын.
Ойын сапасына жаңа құрамнан бөлек, мұз айдынның аумағы да мол әсер етпек. Себебі Барыс Арена америкалық форматқа ауысып, сәл кішірейтілді. Бұл көрермендер үшін жағымды жаңалық болып саналады. Өйткені хоккейде динамика артып, ойын тартымдырақ болады. Ал хоккейшілер болса, аздаған қиындықтар бар дейді.
Никита Михайлис, «Барыс» ХК шабуылшысы:
- Біз мұнда әзірге бір турнир өткіздік. Жалпы ойын ұнады. Айдынның әр бөлігінде шайбаға талас жүреді. Демалып үлгермейсің. Жылдамдығыңды арттырған кезде сәл қиындау болды. Үйреніп келеміз.
Құрлықтың хоккей лигасының былтырғы маусымында «Барыс» плей-офф кезеңінің екінші айналымына дейін жеткен еді. Биыл құрам біршама жаңарып, жаңа мақсат-міндеттер қойылып отыр. Паскуаледен өзге, командаға тыңнан қосылған легионерлердің барлығы мықты шабуылшылар. Осыдан-ақ елордалық «Барыстың» биыл шабуылға ден қойғанын аңғаруға болады. Ал қорғаныс шебін Андрей Скабелка отандық жас хоккейшілерге сеніп тапсырып отыр.
Андрей Скабелка, «Барыс» ХК бас бапкері:
- Айдынға шыққан бетте ойыншылар тек өз позицияларында ғана тұрмауы тиіс. Яғни қорғаныста қорғаушылар ғана емес, сонымен қатар шабуылшылар да шайбаға талас жүргізулері керек.
Жалпы құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымы қыркүйектің 1 күні басталады. «Барыс» командасы өзінің алғашқы ойынын қыркүйектің 3 күні елордада өткізеді. Қарсыласы – Владивостоктың «Адмирал» клубы. «Барыс» клубы алғаш рет үйдегі екі кездесуін Алматыда өткізуі тиіс, ойындар қыркүйектің 17-сі мен 20-сына жоспарланған.
Авторлары: Риат Шони, Серік Қоңырбаев