Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы таныстырылды
Мұғалімнің қадірі туралы Мағжан Жұмабаев осылай айтқан еді. Ал қазір педагог қоғамда тиісті мәртебеге ие еместігі белгілі. Бұл мәселені Елбасы да көтеріп, педагог мәртебесін айқындауды міндеттеген еді. Ал жуырда тамыз конференциясына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың жалақысын арттырып, олардың жүктемесін азайтуды тапсырды. Осы міндеттерге негізделген заң жобасын Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов таныстырды.
Риат Шони, тілші:
- Барлық сабақ аяқталды. Оқушылар үйлеріне қайтты. Сыныптар бос. Бір қарасаң тағы бір оқу күні аяқталды. Бірақ мұғалім үшін емес. Өйткені педагог журнал толтырады, есеп толтырады. Оның үстіне дәптер тексереді.
Мұғалімнің жұмысы көп, жалақысы төмен. Бұл дәйек бесенеден-ақ белгілі. Жүктеменің көптігін №59 мектеп-лицейінің математика пәні Жазигүл Бодаева да айтып отыр.
Жазигүл Бодаева, №59 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі:
- Мұғалім ретінде менің ойым, мұғалім мәртебесін көтермесе, ол қоғамда төмендеп бара жатыр. Себебі мұғалімнің әлеуметтік жағдайы қорғалмаған. Олардың уақыты есепке алынбайды. Өз отбасысы жайлы ойлауға уақыты жетпейді.
Енді бұл проблема келер жылы толығымен шешілмек. Өйткені педагог мәртебесі айқындалып, тиісті заң қолданысқа енеді. Заң жобасын Үкімет үйінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов таныстырды. Педагог мәртебесін айқындауды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген болатын.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы 19 баптан тұрады, ал қосымша заң жобасы 192 бапты қамтиды.
Сонымен қатар педагогтің жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделген. Бұл орайда мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Құқық бұзушылық субъектісіне байланысты мұғалім өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған.
Жаңа заң жобасында мұғалімдердің жүктемесін төмендетіп қана қоймай, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау кепілдігі де қарастырылған. «Педагогтардың балаларына балабақшалардан бірінші кезекте орын берілетін болады», – дейді министр. Жалақы жағына келер болсақ, Асхат Аймағамбетовтың айтуынша сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексергені үшін еңбекақы екі есеге өспек.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Сынып жетекшілігі үшін 173 мың мұғалімнің, ал дәптерлерді тексергені үшін 165 мың мұғалімнің қосымша ақысын екі есеге көбейтуге, 212 мыңнан астам қызметкердің біліктілік санаты үшін айлық жалақыдан 30-дан 50% дейінгі мөлшерде қосымша ақы алуына, 7 мың қызметкердің магистр дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде (25 250 теңге) қосымша ақы алуына, 18 мың қызметкердің тәлімгерлік үшін бір базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде (17 697 теңге) қосымша ақы алуына мүмкіндік береді деп күтілуде. 100 мыңнан астам адам қосымша 14 күн демалыс алатын болады.
«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын Үкімет басшысы Асқар Мамин қыркүйектің 1-іне дейін Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды. Ал жаңашылдық келер 2020 жылы заңды күшіне енеді деп жоспарланған.
Авторлары: Риат Шони, Бекболат Базаров