Бүгінде Ұлттық ядролық орталықтың жұмысы қалай жүруде?
Бұл Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың бүгінгі басты ұстанымы. Жер көлемі 18 мың шаршы шақырымнан асатын Семей полигонына Израиль, Бельгия сияқты мемлекеттер еркін сиып кетеді екен. Қазіргі күні кешенді зерттеу жұмыстары сынақ алаңының 60% қамтыған. 2 жылдан соң толық аяқтау көзделген.
Ұлттық ядролық орталықта 10 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Медет Ақтаевтің зертханасы ауа кеңістігі мен су көздеріндегі радиоактивті заттардың белсенділігін анықтаумен айналысады. Маманның айтуынша, радиациялық қауіптілік жарылыс ошақтарында ғана кездеседі. Дегенмен ұзындығы 110 шақырымға созылатын Шаған өзенінің Атом көліне жақын тұстарында көрсеткіш жоғары.
Медет Ақтаев, ҚР ҰЯО мониторинг және зерттеу зертханасының меңгерушісі:
- Семей сынақ алаңы аймағынан шыға берістен бастап Ертіске дейін ағын бойымен радиация мөлшері азая бастайды. Ертіске құяр бетте радиация деңгейі ең төмен деңгейде, яғни 100 биккерели кг болады. Ол әлдеқайда белгіленген мөлшерден төмен. Белгіленген мөлшер 7600 биккерели кг-ны құрайды. Біз тапқан мөлшердің адам ағзасына да, табиғатқа да ешқандай зияны жоқ.
Құрамында бірнеше ғылыми зерттеу институтын топтастырған Ұлттық ядролық орталық ғалымдарында тыным жоқ. Олар бұрынғы сынақ алаңының жер қыртыстарын, тау жыныстарын, өзен-көлдерін, тіпті ауа кеңістігінде де жіті бақылап, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізуде. 2012 жылдан бері МАГАТЭ ұйымымен бірлескен жауапты жоба жүзеге асып жатыр. Алғашқы екі кезеңі аяқталса, енді 2021 жылға дейінгі 3-кезең қолға алынбақшы. Оның басты мақсаты – қауіпсіз жерлерді ауыл шаруашылығы мақсаттарына қайтадан қайтару.
Эрлан Батырбеков, ҚР ҰЯО бас директоры:
- Менің пайымдауымша, Семей сынақ алаңының аумағы жартылай кішірейеді. Ол жерлерді бейбіт мақсатта, халық шаруашылығына пайдалануға болады деп есептейміз. Ал қалған бөлігі біздің бақылауымызда қалуы тиіс. Ядролық сынақтар жасалған Дегелең, Ақтамберлі сияқты алаңдар қоршалып, зерттеу жұмыстары жалғаса береді.
Ұлттық ядролық орталықтағы ірі жобалардың бірі – Токамак қондырғысы. Термоядролық синтез арқылы сарқылмас қуат көзін өндіретін қондырғы әлем ғалымдарының назарында тұр. Ал полигон шекарасын қайта сызып, қауіпті жерлер мықтап қоршалған соң, халықаралық туризмді дамытуға да мүмкіндік тумақ.
Болат Көкенайұлы, тілші:
- Бұрынғы Семей сынақ алаңының аумағынан әлі күнге мынадай кеңес заманынан қалған тікенек сымдарды көруге болады. Ал полигонға кіре берістегі бақылап-өткізу бекеті қаңырап бос жатыр. Ұлттық ядролық орталық мамандары мұндағы кешенді зерттеп-зерделеу жұмыстарын 2 жылдың ішінде толық аяқтауды жоспарлап отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жерлерді 3 бөлікке бөлуге болады. Оның жартысы халық игілігіне пайдалануға жарамды болса, 20% қатаң бақылауда болуы тиіс. Ал қалған бөлігі өнеркәсіптік мақсатта игеруге жарамды.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов