Елімізде балалар әдебиеті неге бәсеңдеп қалды?
«Бірақ соның бәрін жиып қойып, балалар әдебиетін дамыту керек», – дейді қаламгерлер. Себебі зейінді ұрпақ бала кезден қалыптасады. Балалар әдебиеті неге бәсеңдеп қалды? Оны дамыту үшін не істеу керек?
Балалар әдебиетінің шоқтығы биік туындыларына айналған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы», Сапарғали Бегалиннің «Мергені» талай ұрпақты тәрбиеледі. Алайда уақыт өте келе балаларға арналған шығармалардың қатары сирегені шындық. Барының «айналасы теп-тегіс, жұмыр» келетіні аз.
Нұрдәулет Ақыш, жазушы, балалар әдебиетін зерттеуші:
- «Жалғыз саусақ тіпті де, ұстай алмас жіпті де. Екі саусақ бірікті, ине қолға ілікті» деген Мұзафар Әлімбаевтың өлеңі бар. Мұнда еңбекке баулу, адамдардың бірлігі, татулығы бар. Жалғыз адам ештеңе істей алмайды дегенді білдіреді. Астарының өзі керемет, көркемдігі де тамаша. Қазіргі ақындардан да талап ететініміз де осы деңгей. Бірақ өкінішке қарай кейде ол деңгейден шыға алмай жатады.
«Қазақ қаламгері ерте есейіп кетті», – дейді жазушы Дулат Исабеков. Балаларға арналған шығармалар ұғымға ауыр. Баланың қиялын байытып, көкжиегін кеңейтетін шығармалар дүниеге келу үшін арнайы бағдарлама қажет.
Дулат Исабеков, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
- Балалар әдебиетін қолға алу үшін арнайы редакция ашу керек. Содан кейін конкурстар ұйымдастырып тұру қажет. Қуыршақ театрларындағы балаларға арналған репертуардың бәрі ересектерге арналған. Қуыршақ театры тіпті «Гамлетті» қояды. Шынында да біз балалар әдебиетін ұмыт қалдырдық.
Қаламгер өз оқырманын өзі қалыптастыру керек. Оқырманы өзімен бірге есейген жазушы бақытты болары анық.
Мереке Құлкенов, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары:
- Қазір біз балалар әдебиетін дамытуға қатты күш салуымыз керек. Қадыр Мырза Әліні қазақтың классик ақыны дейміз. Ол бірінші өзінің оқырманын дайындаған адам. Неге? Ол алғашқы кітаптарын балаларға арнап жазды. Сол бала кейін Қадырды одан сайын жақсы көрді. Есейген кезінде салауатты, салиқалы поэзияны оқитын мүмкіндігі бар ұрпақ дүниеге келді.
Балалар әдебиеті алдағы аптада астанада өтетін Азия елдері қаламгерлерінің І форумында талқыланады. Алқалы басқосу қаламгерлердің тәжірибесіне үстеме болатыны сөзсіз.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Радик Жакупов