БАҚ өкілдері арасында ҚР Президентінің жүлдесі үшін шағын футболдан республикалық турнир өтті
Мақсат – журналистер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестік және достық қарым-қатынасты нығайту. «Астана Арена» стадионында болған сайыс барысын әріптесім Мейірлан Алтынбек тамашалап қайтқан болатын.
Мейірлан Алтынбек, тілші:
- Бұл жолы «өлеңге емес, теңбіл допқа әркімнің-ақ бар таласы» десем, артық айтқаным емес. Өйткені барлық әуесқой ойыншы, барлық журналист қазір «Астана Арена» стадионына келіп, өз өнерлерін көрсетті. Жүлде қоры да қомақты 3,5 млн теңгені құрайды.
Еліміздің 9 өңірінен келген 25 команда елордада бас қосып, кезекті турнирде өзара мықтылық байқасты. 27 тамызға дейінгі іріктеуден сүрінбей өтіп, қатысу талаптарын орындаған әрбір команда өзінше фаворит саналғаны рас. Қатарға жаңадан қосылған командалардың да жеңістен үміті басым болды.
Берік Уәли, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы, «Ақорда» командасының ойыншысы:
- Бұл турнирдің маңыздылығы – осы бұқаралық спортты дамыту. Халықпен тікелей жұмыс жасайтын осы БАҚ өкілдері – журналистер. Оның үстіне бұл ойын тәуелсіздігіміздің негізгі темірқазығы Конституция күніне орайластырылып отырғандығы да тегін емес. Осы күнді дәстүрлі түрде ұйымдастырып отыру жоспарымызда бар.
Осылайша жеңімпаз командаға 1,5 млн теңге, ІІ орынға 700 мың, ал ІІІ орын үшін 300 мың теңге табысталады. Жекелей сында көзге көрінген 5 үздік ойыншыға 100 мың теңгеден беріледі.
Асхат Қанаев, «Шымкент» командасының ойыншысы:
- Өте керемет. Мақсат – жеңіс емес, танысу, әріптестермен кездесу. Өте қуанып жатырмыз. Құдай қаласа, жалғасын таба берсін дейміз.
Тартысты матчтардан сүрінбей өткен екі команда ғана ақтық сынға жолдама алды. Басты кездесу «QAZSPORT» пен «Хабар» арасында өтті. Соңғысының бабымен қатар бағы да шауып, жеңімпаз атанды. Ал ІІІ орын «Хабар 24» командасына бұйырды. Тағы да еске сала кетейік, ауқымды турнир енді жыл сайын өткізіледі.
Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Наурыз Базаров, Асхат Қарақойшиев