Тұрғындардың жергілікті билікке көңілі толмаса, әкімдер жазаланады
Биыл браконьерлердің қолынан екі бірдей табиғат қорғау инспекторы қаза тапты. Бірі – 43 жастағы қорықшы Қаныш Нұртазин. Ол Ақмола облысында ақбөкендерді қырып салып, көлігіне тиеп алған қаскөйлерді тексермекші болған сәтте оққа ұшқан. Қашып кеткен қылмыскерлер ұсталып, қамауға алынды.
Ал Қарағандыда елік атқандарды тоқтатпақшы болған Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Жауапқа Қызылорда қаласының 7 тұрғыны тартылуда. Оның үшеуі адам өлтіру, ал төртеуі заңсыз аңшылықпен айналысты деген күдікке ілінген. Жәбірленуші тараптың қорғаушылары соңғы төрт азаматтың да кісі өлтіру бабы бойынша жазалануын талап етіп отыр. Себебі олар Ерлан Нұрғалиевті өлтіргенін біле тұра, арнайы мекемелерге хабарламаған.
Дулат Сейсенбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:
- Өздеріңіз білесіздер, жақында браконьерлердің қолынан 2 инспектор қаза тапты. Осыған орай Президент өзінің Жолдауында табиғатты қорғау, сақтау бойынша заңды күшейту үшін депутаттарға тапсырма берді. Біз оны қолдаймыз, дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі браконьерлер, құқық бұзушылар тиісті жазасын алу керек.
Жолдауда жария етілген тағы бір жағымды жаңалық «Ауыл – ел бесігі» жобасына алдағы үш жылда 90 млрд теңге бөлінетін болды. Бұл қомақты қаражат өңірлерді көркейтуге жұмсалады. Себебі қазір шұрық-тесік жол мен қабырғасы құлағалы тұрған мектептер, ауызсуға зәру ауылдар әлі бар. Бір Павлодар облысының өзінде Ертіс пен Май ауданындағы он шақты ауылының тұрғындары Ертіс өзенінің суын тасып ішуге мәжбүр.
Айманғали Бабашайықов, Қарағаш ауылының тұрғыны:
- Қыста өзен қатып қалады. Мұзды жарып, су алып, шелекпен үйге тасимыз. Осылай өмір сүріп жатырмыз. Краннан су береміз деп отыр. Биыл бұлай қиналмаймыз деген үміттеміз.
Ал Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданының тұрғындары мұнда қоныстанғалы талапқа сай көлік жолын көрмегендерін айтады. «Жаңбырлы күндері қиналамыз, көлік тұрмақ адамның өзі жүре алмайды», – дейді тұрғындар.
Жолдауда көпбалалы аналардың мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Енді әйелдер үйде отырып-ақ жеке кәсібін жүргізе алады. Президент Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірлесе арнайы бағдарлама дайындауды тапсырды. Маңғыстаулық қыз-келіншектер бұл жаңалықты қуана қабылдап жатыр. Себебі қазір бизнес бастағысы келетін 100-ге жуық ана тігін өнерін үйреніп жатыр. Ісмерлікке баулу курсын өңірге белгілі қолөнер шебері Әуес Сағынаева өткізуде. Аяқталған соң қатысушыларға сертификат тапсырылады.
Жаңыл Қазақ, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Матаға пішіп, үлгіні үстіне қоюды үйрендім. Ұстазым мақпалдың түгін қалай жығуын үйретті. Одан кейін оны қиып, көктеп тігуді де көрсетті. Студент қызыма қазіргі заманауи үлгіде белдемше тіктім. Сатып алайын десем, өте қымбат. Одан кейін өзіме намаз оқитын киім тігіп алдым.
Енді әкімдердің жұмысына халық баға беретін болды. Бұл жүйе пилоттық жоба ретінде енгізілмек. «Мәселен, сауалнама немесе онлайн дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30% астамы қала немесе ауыл әкімінің қызметін тиімсіз деп санаса, бұл Президент әкімшілігінің мәселені зерделеу үшін арнайы ұсыныс жасайтын комиссия құруға негіз болады», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Авторы: Гүлмира Әбішева