Жаңа парламенттік маусым басталды
Осы бірлескен отырыстан соң бірден сенаторлар жиналып, жоғары палатаның төрағасын сайлады. ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл лауазымға Дариға Назарбаеваны қайта сайлау туралы ұсыныс жіберген, оны Президент Әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев оқып берді. Кейін депутаттар жасырын дауыс берді. Нәтижесінде 48 депутаттың барлығы Дариға Назарбаеваның кандидатурасын бірауыздан қолдады. Дариға Назарбаева сенім білдірген әріптестеріне алғысын білдіріп, алда күтіп тұрған үлкен жұмысқа кірісуге шақырды.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бұл – мен үшін зор мәртебе және үлкен жауапкершілік. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған алғашқы Жолдауын барлығымыз тыңдадық. Енді біз оларды заңдар мен қаулылар тіліне көшіруіміз керек. Барлық әріптесімді тығыз жұмыс кестесіне тезірек кірісуге шақырамын.
Асқар Оразаұлы Шәкіров Сенат төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ол 2007 жылғы қыркүйектен бері адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келген болатын.
Отырыста оның кандидатурасын Сенат төрағасы ұсынды. Депутаттар бірауыздан қолдады. Сондай-ақ Парламент Сенатының тұрақты комитеттеріне жаңа төрағалар сайланды. Атап айтқанда, Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып Мұхтар Құл-Мұхаммед, Әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінің төрағалығына Мұрат Бахтиярұлы сайланды.
Сонымен қатар отырыста жаңадан сайланған 6 сенатор ант берді. Олардың арасында Нұртөре Жүсіп, Дана Нұржігіт, Ләззат Сүлейменова бар. Сондай-ақ сенаторлар депутаттық өкілеттігі тоқтаған әріптестерін қошеметпен шығарып салды. Естеріңізде болса, Қазақстан Президентінің жарлығымен 12 тамызда Сергей Громов, Бірғаным Әйтімова, Асқар Бейсенбаев, Георгий Ким, Дулат Құсдәулетов, Рашид Түсіпбековтің депутаттық өкілеттігі тоқтатылған еді.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Президенті Әкімішілігінің жетекшісі:
- Құрметті депутаттар, сіздердің қолдауларыңызбен көптеген заңға өзгерістер енгізудің қажеттілігі туып отыр. Өмір бір орында тұрмайды. Жаңа заңдардың жаңа новеллаларын қабылдау қажеттілігі туып отыр. Сіздердің тараптарыңыздан үйлесімді жұмыспен жақсы нәтижеге жетеміз деп үлкен үмітпен қараймын.