Ақтауда су сырғанағынан ондаған адам құлап, зардап шекті
Теңіз жағалауындағы су сырғанағынан биыл жазда ондаған адам зардап шеккен. Оның оншақтысы ауыр халде ауруханаға түсіпті. Төсек тартып жатқан науқастар қауіпсіздік шаралары сақталмаған демалыс орнын сотқа бермек.
Достарымен аквапаркте демалмақшы болған Серік Қуанышов ауруханадан бір-ақ шықты. Су сырғанағынан құлаған оның сол жақ қабырғалары мен жамбас сүйегінің ұршығы сынып кеткен. Жансақтау бөліміне түскен жігітке шұғыл түрде көмек көрсетіліп, жамбасы салынды. Дәрігерлердің айтуынша, ол әлі бірнеше ай төсек тартып жатуы мүмкін.
Серік Қуанышов, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Үлкен горканың ішінде сырғанап келе жатып құладым. Қабырғасына соғылып, жатып қалдым. Дем ала алмай қалдым, жамбасым сынды. Бірінші көмек көрсетілді. Жедел жәрдеммен Ақтауға алып келді. Содан бері осы жерде жатырмын.
Әнуар Әшір, облыстық аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
- Қазіргі уақытта отаға дайындық жүріп жатыр. Ота жамбас сүйегіне жасалғаннан кейін, 1,5-2 айдан кейін сүйектің бітісуіне байланысты тағы көреміз. Содан кейін 2-3 айдай реабилитация жүргізіледі. Аяққа тұру үшін әлі жарты жылдай уақыт керек.
Аталған демалыс орнында биыл жаздағы үш айдың ішінде ондаған демалушы түрлі дене жарақатын алып, облыстық аурухананың қабылдау бөліміне түскен. Ауыр халде жеткізілгендері де бар. Бірінің миы шайқалып, нейрохирургия бөліміне жатқызылса, енді бірінің аяқ-қолы, жамбасы сынып, операция жасалған.
Серік Қуанышов, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Ойын аттракционын жабу керек деп ойлаймын. Мен осындай жарақат алған бірінші адам емеспін. Мұндай жағдайлар жиі болуда, естіп жатырмыз. Адам шығынын да алып келуі мүмкін, жапқан дұрыс болар.
Отбасын жалғыз асырап отырған Серік Қуанышов бірнеше айға дейін жұмысқа шыға алмайды. Ол денсаулығы дұрысталған соң, қауіпсіздік шараларын сақтамаған аквапарк басшыларын сотқа беруді көздеп отыр.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Ақтаудан 25 шақырым жерде орналасқан демалыс орны аймақтағы ең ірі әрі ең қымбат аквапарк екен. Онда демалыс күндері ине шаншарға орын болмайды. Күніне 600-ге жуық адам демалады. Су сырғанақтарынан зардап шеккен азаматтардың шағымына байланысты демалыс базасының басшыларына хабарласып едік, сұхбат беруден бас тартты.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев