Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстанға жаңа кен орындары керек
Мемлекет басшысы Атырау облысына жұмыс сапары кезінде осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев көгілдір отын құнын өсірмеу үшін Үкіметке арнайы тапсырма берді. Одан бөлек Президент: «Бізге жаңа кен орындары қажет», – деді. Өйткені қазір кейбір өңірде мұнай өндіру көлемі біртіндеп азайып барады.
Алып атырапты алып жатқан Атыраудың қойнауы әлі де құтқа толы. Қазыналы өлкеде қара алтын қоры көп. Жыл сайын миллиондаған тонна өндіріледі. Мұнай мен газды шетке тасымалдап, қазынаны қампайтып жатырмыз. Қара алтын өндіруге қажет жабдықтарды кейінгі жылдары өзімізде дайындайтын болдық. Солардың біріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барды.
Зауыт осыдан 4 жыл бұрын іске қосылған. Кейін жаңартылды, жаңа жабдықтар жеткізілді. Кәсіпорын мұнай мен газ ұңғымаларын бұрғылау кезінде қолданылатын жабдықтарды әзірлейді. Ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етіп отыр. Жақында іргедегі елдермен байланыс орнатпақ.
Әлібек Мұрат, цех басшысы:
- Шетелден Ресей және Өзбекстан елдерінен сұраныстар бар. Қазіргі кезде сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз.
Осыдан екі жыл бұрын өндіріс орнына робот дәнекерлеуші құрылғысы жеткізілді. Соның көмегімен мамандар жұмыс өнімділігін еселеуге мүмкіндік алған.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Зауыт алғаш іске қосылғанда мұнай сорғыштарды он шақты адам 3 тәулікте әрең әзірлейтін. Кейін өндіріс орнына робот дәнекерлеуші құрылғысы жеткізілді. Тың жабдықтың көмегімен қазір болат негіздерді 3 сағатта дайындауға болады. Мамандар барлық жұмысты басқару пульті арқылы атқарады.
Қазір кәсіпорында 360 адам еңбек етеді. Болат қалыптарды құюға қажетті шикізаттың барлығы өз елімізде өндіріледі. Мамандар: «Жаңа жабдықтардың жеткізілуімен жұмыс анағұрлым жеңілдеді», – дейді.
Жәнібек Саламатұлы, зауыт қызметкері:
- Дәнекерлеудің 3 робот кешені бар. Екеуі стационарлы, біреуі айналып тұрған бұйымдарды құюға арналған. Бұл бірнеше дәнекершінің рөлін атқарады. Оған көп қызметкер керек емес. Бір ғана оператордың күшімен бірнеше бұйымды бірнеше сағаттың ішінде құйып шығуға болады.
Қазақстан қазір мұнай қоры жөнінен әлемде 12-орында. Қара алтынды 36 мемлекетке экспорттаймыз. Ұлттық қорға құйылып жатқан қаражаттың 76% осы мұнай сатудан түседі. Республикалық бюджеттің бүйірін де қара алтын қаттап жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұнай-газ компанияларының әлеуметтік аударымдарының арқасында мыңдаған азаматтарымызға, әсіресе ауылдық жерлердің тұрғындары үшін заманауи мектептер, ауруханалар, спорт орталықтары, басқа инфрақұрылым нысандары салынды. Сондықтан біз өндіріс деңгейін жүйелі негізде арттыруымыз қажет.
Қара алтын қазақ жерінен алғаш рет осы Атырау өңірінен табылған еді. Содан бері ғасырдан асты. Егемендік алған жылдары жылына 25 млн тонна мұнай өндіретінбіз. Өткен жылы бұл көрсеткіш 90 млн тоннаға жеттті. Қарқынды еселеуде шетелдік компаниялар септескен. Дегенмен қазір мұнай өндіру көлемі елімізде күрт төмендеп барады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қызылорда облысында мұнай өндірісінің деңгейі жылына 15% немесе шамамен 200 мың тоннаға төмендеуде. Ақтөбеде облысында 7% немесе шамамен 300 мың тоннаға төмендеген. Бірқатар кен орындарында су басу жағдайы көбеюде. Ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету негізінен Ақтөбе және Қызылорда облыстары кен орындарының есебінен жүзеге асырылып отыр.
Бізде барлау жағы ақсап тұр. Қолданыстағы кен орындарын қазбалап қана жатырмыз. Ал жаңасын табатын білікті маман тапшы. Инвесторлар да бұл іске қаржы құюға құлықсыз. Тек бірен-саран қаржыгер бар.
Имерра Боннер, «Тенгизшевройл» компаниясының бас директоры:
- Біздің компания Қазақстанның мұнай өндірісіне сүбелі үлес қосып жатыр. Үкіметтің қолдауы болмаса, мұндай жетістікке жетпес едік. Алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істегіміз келеді. Қазақстан экономикасын дамытуға, жаңа кен орындарын игеруге үлес қосамыз деп ойлаймын.
Эдвин Блом, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының бас директоры:
- Біз үлкен көлемде салық төлеп жатырмыз. Одан бөлек мыңдаған қазақстандықты жұмыспен қамтып отырмыз. Мамандардың кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттырып отырамыз. Бұл қарқынды еселей беруге ниеттіміз.
Әлемде мұнайға сұраныс азайып барады. Сондықтан шикізатты өңдеуге бірте бет бұрдық. Қазір елімізде қара алтыннан полипропилен және полиэтилен алынады. Олардың құны әлемдік нарықта анағұрлым қымбат. Сол себепті Президент: «Осы бағытқа басымдық беру керек», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлем елдері мұнай-химия саласына қажетті көмірсутек өндіру көлемін 34% жеткізген. Бізде бұл көрсеткіш небәрі 0,2% қана. Егер мұнай-химия саласын дамытсақ, полипропилен мен полиэтиленді қажетті мөлшерде алатын едік. Сөйтіп ІЖӨ көлемін 1,5% арттыруға мүмкіндік туар еді. Осы екі жобаны қолға алсақ, ел экономикасын едәуір ілгерілете аламыз.
Қара алтын өндіруде қарқынды еселеу керек дедік. Бірақ мұнай өндірісіне де су қоры қажет. Егер екпін күшейсе, шалғайдағы елді мекендер тіршілік нәрінен қағылып қалуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде Маңғыстау облысы мен Атырау өңірінің тұрғындары ауызсудан таршылық көріп отыр. Бұл мәселені жаңа зауыт арқылы ғана шешуге болады. Одан бөлек мұнай-газ секторына жаңа технологиялар мен инвестиция тартып, шетелге заңсыз қара алтын тасымалының жолын кесу қажет.
Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы:
- Біз өндіретін мұнай өнімдерінің бағасы тым төмен. Көрші елдердегімен салыстырғанда екі есе арзан. Осы жағдай, көлеңкелі экспортқа әсер етуде. Яғни өнімдеріміз көрші мемлекеттерге заңсыз жолмен жөнелтіліп, ішкі нарықта дефицит туындап отыр. Осыған байланысты нарықты қорғау жүйесін жетілдіруіміз керек. Мүмкін заңды қатаңдату керек шығар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ахметжан Есімовтің ұсынысын қолдаймыз. Мұнай өнімдерінің экспортын реттеу мәселесі шын мәнінде бар. Заңды өзгерту қажет. Маңғыстаудағы қара алтын кеніштеріне салықтық жеңілдік жасау жөнінде де жауапты министрлікке тиісті ұсыныстарды әзірлеуді тапсырамын. Осы жиында Парламент депутаттары да отыр. Сондықтан мәселенің шешімі тез арада табылады деп ойлаймын. Ал су тапшылығын жоятын зауыт құрылысын жеделдетіп бастау керек. Ұсынысты қолдаймын.
Ел тұрғындарының тең жартысы ғана көгілдір отынмен қамтылған. Шамамен 9 млн-ға жуық отандасымызға газ берілген. Осы көрсеткішті жақсарту үшін «Сарыарқа» магистарльді газ құбыры салынып жатыр. Жоба жүзеге асса, қосымша 2,5 млн тұрғынға көгілдір отын жеткізілетін еді. Бұл ретте Мемлекет басшысы: «Газ бағасы қымбаттамауы керек», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Газдың құнын өсірмеу маңызды. Ол кезде тұрғындар мен бизнес өкілдеріне салмақ түседі. Сондықтан Үкіметке келесі жылдың басына дейін газ бағасын реттеуді тапсырамын.
Еліміздегі мұнай өндіретін компаниялар қалдықтарын өзенге ағызады, яки Қарт Каспийге құяды. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мұндай бассыздыққа енді жол берілмейді», – деді. Жақында экология туралы заңға тиісті өзгерістер енгізілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұнай өндіру саласы қоршаған ортаға зиян келтірмеуі керек. Қазақстандықтардың өмір сапасы мен ұлттық саулығы, экологияның жақсы болуы өлшенеді. Сондықтан біз әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, экология туралы заңға өзгерістер енгіземіз.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Маңғыстау өңірінде мұнай қалдықтарының қоры жиналып қалды. Бұл түйткіл ондаған жыл өтсе де әлі шешімін таппады. Биыл ғана уағдаластыққа қол жеткізуге мүмкіндік туды. Еліміздегі ең ірі мұнай өндіру компаниясы 2023 жылға дейін барлық қалдықты қайта өңдеп, аумақты тазалауға келісім берді.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салаға да тың технологияларды енгізу қажеттігін айтты. Мұнай өндіруші компаниялар тапқан табыстарының 1% ғылыми-зерттеу жобаларына жұмсайды. Бірақ мұқым жұрт содан әлі күнге нәтиже көрмей отыр.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Еділ Ермекбаев, Дулат Ентебеков