Қазақстан мен Өзбекстанның кәсіпкерлері май өнеркәсібін бірлесіп дамытуға мүдделі
Екі елдің 200-дей кәсіпкері өзара пікір алмасып, ынтымақтастық жағын талқылады.
Қазір Өзбекстан нарығында Қазақстанда жасалған май мен май өнімдеріне сұраныс жоғары. Сондықтан екі елдің кәсіпкерлері көп ұсыныс-пікір айтты. «KazakhExport» компаниясының өкілі отандық және шетелдік кәсіпкерлерге Қазақстан тарапынан жасалған қолдаулар мен компания көрсететін көмек жайлы айтты.
Боходир Аюпов, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясының Өзбекстандағы өкілі:
- Қазақстандық экспорттаушы компания Өзбекстан нарығына шықса, қуана-қуана көмектесеміз. Серіктестер тауып береміз.
Аталған компания жақында Ташкентте өз кеңсесін ашты. Аз ғана уақытта 35 млн АҚШ доллары болатын бірқатар келісім жасап үлгерді. Май өнеркәсібі – солардың бірі. Компания өнімін экспорттаушы кәсіпорындарға қаржылай қолдау да көрсетеді.
Қамар Серкаев, қауымдастық өкілі:
- Құрылым қаржылай аударымдар мен келісімдерде көрсетілген талаптардың дер кезінде орындалуына көмектеседі. Оған қоса тауар тасымалы саласында қызмет көрсетеді.
Халықаралық конференция аясында кәсіпкерлер екіжақты кездесулер барысында ынтымақтастық мәселелерін талқылады. «KazakhExport» сақтандыру компаниясы май өнеркәсібін бірлесіп дамытуға мүдделі кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.