ҚР Президенті ядролық қарудан азат әлем құруды қолдады
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ-ның 74-ші сессиясында айтты. Президенттің айтуынша, ядролық қару – игілік емес, жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікке төнген қауіп. Өкініштісі, бірқатар ел бұрынғысынша стратегиялық қорғаныс күштерінде ядролық арсеналға арқа сүйейді. «Бұл олардың қарсыластарына асимметриялық жауап беру үшін оны иемдену мәселесін қарауға мәжбүр етеді. Қарымта жауаптың өзі – жаппай қырып-жою қаруы секілді қырғынға апаратын жол», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз барлығымыз қауіпсіз болашаққа апаратын жол картасы ретінде ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі жалпыға ортақ декларацияны сенімді түрде қолдауымыз керек. Біз ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы қарым-қатынастың күшеюіне және сондай жаңа аймақтардың құрылуына ниеттіміз. Қазақстан Иран ядролық бағдарламасы жөнінде бірлескен кешенді іс-қимыл жоспары және Корей түбегін денуклеаризациялау жөніндегі мәселелер тараптардың мүдделері мен пікірлері ескеріліп, саяси жолмен шешілуі тиістігіне сенеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағыттағы жетістіктерін еске салды. «Біз үлгі көрсеткіміз келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Семей ядролық полигонын жауып, ерікті түрде әлемдегі төртінші орындағы ядролық арсеналдан бас тартты. Бұл шешім ядролық қарудан бас тарту және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаһандық көшбасшылық бағыттағы сәтті әрі ұзақ жолдағы алғашқы қадамымыз болды. Осы асыл мұратымызға жету жолында ядролық қарудан азат Орталық Азияның айрықша аймақ болып құрылғанын атап өткім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.