Мемлекет басшысы әлем елдерін бейбітшілікке үндеді
Президент жаһандық ұйым алаңында маңызды бастамалар көтерді. Мәселен, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі конференцияны толыққанды ұйымға айналдырып, қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелерін бірлесіп талқылауды шақырды. Сондай-ақ Қазақстанда халықаралық ұйымдардың жаңа ғимараты ашылғанын атап өтті. Алдағы уақытта оған Орталық Азия мен Ауғанстанға көмек беру мандатымен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары орталығын ашу қажеттігін алға тартты. Президент өз мәлімдемесінде сыртқы саясаттағы маңызды бағыттармен қоса еліміздің ішкі ахуалына да ерекше тоқталып өтті. «Әрі БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын қолдаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бас хатшы Антонио Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды. Алайда қазіргі таңдағы геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге қатысты алаңдаушылығымызға толық негіз бар. Бұл жағдай 2030 күн тәртібін жүзеге асыру мақсатындағы бірлескен іс-әрекеттеріміз үшін күрделі сынақ екені айқын.
Бас Ассамблея сессиясына әлемнің 200-дей елінен мемлекет басшылары, үкімет жетекшілері және сыртқы ведомство өкілдері қатысты. Мәлімдемелер БҰҰ-ның 6 тілінде жасалды. Дегенмен Президент сөзін алдымен қазақша бастап, кейін ұсыныстарын ағылшын тілінде жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мамыр айында мен Қазақстанда халықаралық ұйымдардың жаңа ғимаратын аштым. Онда БҰҰ-ның 16 агенттігі бар. Келесі қадам ретінде біз Орталық Азия мен Ауғанстанға көмек беру мандатымен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары орталығын осы ғимаратқа орналастыруды ұсынамын.