«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ғылыми экспедиция өткізілді
Сапар ортағасырлық Сарайшықтан бастап, Алтын Орданың астаналары болған қалалар орнына саяхатпен жалғасты.
Экспедия Жошы ұлысы Алтын Орданың астаналары Сарайшықтан басталып, бүгінде Ресей аумағында жатқан Сарай Бату, Сарай Беркеге жалғасты. Басты мақсат – сонау Ертістен бастап Дунай өзендеріне дейінгі аралықты иеленген Жошы империясының астаналары және ұлы хандарымыз жерленген кесенелер орнына ғылыми зерттеулер жүргізу. Біздің тарихшылар болашақта бұл жұмысты ресейлік мамандармен бірлесе атқаруды көздейді.
Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» РМК тарихи-мәдени музей қорығының директоры:
- Кеңестік замандағы тарихшы Егоровтың пікірінше, бұл жерде Берке хан, Өзбек хан, Жәнібек хан, Бердібек хан жатуы мүмкін. Әрине, бұл жер бүгінде зерттеуді, тез арада қолға алып жалғастыруды талап етеді. Бұл жер зерттелетін болса, тарихи деректер молайып, Алтын Орданың ашылмаған қыр-сырлары ашылады.
Тарихшылардың дерегіне сәйкес, Сарай Батудың іргесі 1256 жылы қаланған. Ресейлік ғалымдар қаланың аумағының ұзындығы 15, ені 3-8 шақырымды алып жатқандығын айтады. Мұны ғарыштан түсірілген суреттер арқылы дәлелдеп отыр.
Евгений Пигорев, Мари Эл университетінің профессоры:
- Бұл жер орта ғасырларда Еуразия құрлығындағы ең үлкен қалалардың бірі болған. Қазіргі таңда Ресей Федерациясы территориясына кіретін және әлемдегі ең ірі археологиялық нысандардың бірі болып келеді. Тек осы қаланың орны деп белгіленген аумағы 2061 гектар болатын жер мемлекет қорғауына алынған.
Болашақта бұл қалалардың әрқайсысы арнайы зерттеуді қажет етеді. Қазақстандық ғалымдардың ұсынысын ресейлік әріптестері де қолдап отыр. Сонымен қатар Алтын Орданың астаналары орналасқан осы аймақтармен бірлескен этно-туристік бағдарламаларды жүзеге асыру – басты мақсаттардың бірі.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов