ШҚО-да мемлекеттік қорға тиесілі астық ұрланды
Ел шығысында мемлекеттік қорға тиесілі астық ұрланды. Басты күдіктілер – Семей мен Бородулихадағы жеке қоймалардың басшылары.
Ауыл шаруашылығы басқармасының жоспардан тыс тексеруі барысында агротауардың 98% жоқ болып шықты. Қамбада сақталуы тиіс 17 300 тонна бидай, қарақұмық пен күнбағыстың небәрі 200 тоннасы ғана тұр.
Судьялардың айтуынша, астық қабылдау бекеттері «Азық-түлік корпорациясымен» жасалған келісімшарттың бұзылуын жасырып қалғысы келген. Тексерушілер қоймада астықтың орнына бидай себілген пішен, көң және қар жатқанын анықтады.
Облыстық сотта өткен баспасөз-конференциясында жауапқа тартылушыларға қатысты азаматтық іс аяқталғаны айтылды. Айыпталушылар апелляциялық арыз түсірген, бірақ шешім өзгеріссіз қалды. Қамба қожайындары мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеумен қатар, 280 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Назгүл Рахметуллина, облыстық соттың үйлестіруші-судьясы:
- Талап-арыз қанағаттандырылып, «Азық-түлік корпорациясына» ұрланған бидайдың 1 млрд 400 млн теңге шығыны өтеледі. Сондай-ақ астық сақтау келісімшартында көрсетілген айыппұл көлемі де өндіріледі.
Владимир Гайламазян, ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- «Азық-түлік корпорациясына» тиесілі қолды болған бидайдың мөлшері 17 мың тонна. Қамбада сақтаулы астық ұрлығына қатысты жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.