Хабар телеарнасы

Ертіс өңірінде автоцистерна жарылып, бір адам көз жұмды

Облыс орталығындағы көлік бокстарының бірінде автоцистерна жарылды. Бір азамат сол жерде тіл тартпай кетті. Қайғылы оқиға бойынша тексеріс жұмыстары басталды.

Бұл – Транспортная көшесінің бойында орналасқан ғимарат. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың күшті болғаны соншалық, жақын маңдағы бірнеше нысанға нұқсан келген. Цехтардың есіктері жұлынып кеткен.

Александр Савинных, куәгер:

- Жұмыс ауысымы аяқталған сәт еді. Киімімді ауыстырып жатқан кезде жарылысты сездім. Қатты дыбыс шықты. Шошып кеткенім соншалық, аяқ-қолым әлі дірілдеп тұр.

Ал автоцистерна тұрған ғимараттың төбесі қираған. Алдын ала болжам бойынша, 200 шаршы метрден астам аумақ қираған. Төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің айтуынша, жанар-жағармай тасымалданған көлік жуырда Нұр-Сұлтан қаласынан сапардан келген. Жарылыс кезінде 33 тонналық цистерна бос болыпты.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Қазіргі уақытта түнгі жарылыс болған жер қоршауға алынды. Оқиға орнында сала мамандары тиісті жұмыстарды қолға алған. Жалпы атвоцистернаның жарылуы салдарынан бұл жерде 42 жастағы азамат көз жұмды. Тағы бір азамат түрлі жарақаттармен ауруханаға түсті.

Ал 51 жастағы азамат ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, алдағы аптада оған күрделі операция жасалады.

Кеңес Ақылжанов, №1 қалалық ауруханасы жарақаттар бөлімінің меңгерушісі:

- Бас миының жарақаты бар. Жамбасы да сынған. Олар бөлек болса, аса қиын емес. Бірақ бірге болғанда, ол – өте күрделі жарақат. Ауруханада керек дәрі-дәрмек бар. Емдейтін шаралар түгел өткізіліп жатыр.

Тексеріс жұмыстарына еңбек инспекторлары да кірісті. Қаза болған қала тұрғыны – Қанатбек Тоқтағұлов. Ол металл жонушы болып еңбек еткен.

Асқар Қапанов, облыстық Еңбек басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта қайтыс болған азаматтың еңбек қатынасында болғаны немесе болмағанын анықтап жатырмыз. Егер келісімшарт жүзінде жұмыс істегені расталса, комиссия құрылады.

Қанатбек Тоқтағұловтың соңында жары мен екі қызы қалды. Көршілері қара жамылған отбасына көңіл айтып, марқұмның игі істерін еске алды. Ол көзі тірісінде осы ауланы өз қолымен абаттандырған екен.

Арман Әлиақпаров, марқұмның көршісі:

- Үлкен қайғы, ажал болды. Көршілеріміз, бәріміз қатты қайғырып жатырмыз. Ақкөңіл жігіт болды. Бәріне көмектесіп, екі қызын көтеремін деп жүретін. Бір-екі жұмыста жұмыс істеп жүрді. Ешкімнен көмек сұрамайтын. Күні-түні жұмыста жүріп, өмірі осылай өтіп кетті.

Бұл – жыл басынан бергі жұмыс барысында адам өлімімен аяқталған сегізінші оқиға. Тағы 80-ге жуық маман өндіріс орнында көз жұмған.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий