Ақтөбеде Т.Бигелдинов атындағы әскери институтты 104 курсант тәмамдады
Салтанатты шарада авиация мамандарына әскери шен мен жоғары білімі туралы төсбелгі табысталды.
Әскери институтты бітірушілердің салтанатты шарасы ақтөбеліктер мен қала қонақтарының да назарын аударды. Курсанттарға дипломмен қатар, ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен алғашқы офицерлік лейтенант шені де берілді. Түлектердің қатарында ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының бағдарламасы бойынша білім алған Қырғызстан және Тәжікстанның он азаматы да бар.
Архан тұрсынов, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі:
- Жалпы институттағы қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстым. Командирлерге, батальон командирімізге, мұғалімдерімізге барлықтарына алғысымыз шексіз. Енді Алматы қаласына жұмыс істеуге бара жатырмын.
Төрт жыл білім алған жастар әскери бөлімдерінде ұшу тәжірибелерін игеріп, талай сынақтан сүрінбей өткен. Тек ұшақты басқарып, әуеде ұрыс жүргізу ғана емес, ұшу аппараттарының барлық жүйесін терең меңгерген. Енді бұл түлектер еліміздің қарулы күштерінің қатарында қызмет етеді. Ақтөбеде бітірген авиация мамандарына сұраныс жоғары.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Қазіргі уақытта институтта курсанттарды дайындау үшін бүкіл қажетті оқу материалдық жағдай жасалған. Әскери институттың түлектері қазақ елінің егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді әрдайым нақты орындайтынына, өз елім мен халқымызды сенімді қорғайтынына, міндетін, абыройын сақтайтынына сенімдімін.
Бұл әскери институттың 22-ші түлектер легі. Әлі жүздеген жас білім алып жатыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев