Шетелдік туристерді тартуға не кедергі?
Қазақстанда да арнайы салалық бағдарлама қабылданып, осы сектордың үлесін ЖІӨ-нің 8% жеткізу жоспарланған. Бұл межеге қол жеткізу үшін бірқатар кемшілікті түзеу қажет. Соның бірі – шетел азаматтарын тіркеу мәселесі. Бұл жайында кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапары кезінде айтты.
Кен Клайд – АҚШ азматы. Алматыға туристік сапармен келген. Қазақстан заңы бойынша АҚШ азаматтары елімізде визасыз 30 күнге дейін жүре алады. Көші-қон қызметтері орталығына барып тіркелудің де қажеті жоқ. Тіркеу шекарадан өту кезінде жасалады. «Бірақ бұл туралы хостелге келгенде білдім», – дейді америкалық қонақ.
Кен Клайд, турист:
- Сіздердің сайттарыңыздағы ақпараттар жиі ауысып тұрады. Қадағалап отыру қиын. Шетел азаматына оны түсіну оңай емес. Кейбір елдің азматтарына міндетті түрде тіркелу керектігі туралы ағылшын тіліндегі ақпарат жоқтың қасы. Бір танысым бұл жайында менен естіп білді.
Алыс-жақын 9 елдің азаматтары қазақ жеріне аяқ басқан соң көші-қон қызметіне барып 5 күн ішінде міндетті тіркеуден өтуі тиіс. Олардың арасында Әзербайжан, Грузия, Моңғолия, Сербия, Аргентина мен Армения бар. Айтпақшы, армениялық туристің әңгімесінен кейін шетелдіктерді тіркеу мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
Ғалым Ескендірұлы, Алматы қаласы бойынша ХҚКО көші-қон бөлімінің басшысы:
- Армения мемлекеті Қазақстанға кіргеннен 5 күннің ішінде уақытша тіркеуден өту керек. Уақытша тіркеуден өткеннен кейін ол кісілерде 90 күн бізде жүруге болады.
Жалпы шет мемлекеттердің басым бөлігімен арада визалық жүйе бар. Экономикалық, саяси, инвестициялық мүдделерді ескере отырып 57 елдің азаматтарына Қазақстанға визасыз кіруге рұқсат етілген. Оларды тіркеу шекарадан өткен кезде жасалады. Бірақ заң бойынша шақырушы тарап қонақүй мен хостелдер шетелдіктердің тұрып жатқаны туралы өзіне жақын полиция бөліміне барып немесе онлайн түрде хабарлама беруі тиіс.
Рахат Медербекова, хостел иесі:
- Онлайн түрде хабарлама беру қиын. Мен компьютердің тілін жақсы білемін. Екі рет талпынып көріп едім, жасай алмадым. Хабарлама беруге біз қарсы емеспіз. Бірақ ол жеңіл болу керек. Неге электронды пошта арқылы хабарлай салмасқа? Ал хабарлама бермесеңіз қомақты айыппұл төлейсіз.
Кен Клайд Қазақстанның алуан түрлі табиғатына тәнті болғанын айтады. Туристердің көптеп келуіне қонақ үйлер мен хостелдердің қожайындары да мүдделі. «Тек туримзнің дамуына кедергі келтіретін жайттер дұрыс шешілсе», – дейді кәсіпкерлер.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев