Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 1050 жалдамалы пәтер беріледі
Әсіресе елордада және Алматы секілді мегаполисте мұндай бағаға жалдамалы пәтер табу қиялға салса да қисынсыз. Сондықтан елдің үш қаласында басталған «Жастарға жалдамалы пәтер беру» бағдарламасы зор сұраныс тудыруда. Нұр-Сұлтанда алты сағатта 300-дей өтініш келіп түскен. Ал берілетін баспана саны 1050 екенін ескерсек, бағдарлама төңірегінде бәсеке бәсең болмайтын секілді. Сонымен арзан арендалық баспана кімдерге беріледі?
Бақытжан мен Айгүл Таукеновтердің астанада жүргеніне 5 жылдың жүзі болды. Соның соңғы екі жылы отбасылы. Пәтер жалдап тұрады. 15 мың теңгелік жалдамалы баспанаға өтініш беруге үш күн құжат жинады, бүгін өтініш беруі тиіс еді. Бірақ...
Электронды сандық қолтаңбаны алу үшін олар ХҚКО-ға кеткенде біз бұл бағдарламаның оң-солын саралап көрдік. Алдымен бағасы өте тиімді екен. Мысалы 36 шаршы метр мына баспананың астанадағы арендалық бағасы 110 мың теңге, оған коммуналдық төлемдерді қосыңыз. Сонда 1 жылда 1,5 млн теңгені өзгенің қалтасына салып беруге мәжбүр боласыз. Ал 15 мың теңге шыны керек су тегін.
Арманай Қабдешова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тұрғын үй қорының баспасөз хатшысы:
- Бұл бағдарлама бойынша құжаттарды қабылдау толық электронды түрде болады. Негізгі шарттарын айта кететін болсақ, 29 жасқа толмаған ҚР азаматтары, міндетті түрде 2017-2018 жылдар аралаығында 2 жыл мекенжай тіркеуі болу және де соңғы 6 айдағы табысы 101 мың теңгеден кем болмауы керек.
Нұр-Сұлтан қаласында мұндай 1050 пәтер беріледі. Баспананың қай ауданда орналасатыны әзірге белгісіз, бірақ бір анығы сол жағалаудан берілмейді. Шамамен ол пәтерлер Уәлиханов – Сейфуллин – Бөгенбай батыр мен Жангелдин көшелері аумағынан беріледі деген болжам бар, Артем базары маңындағы мына үйлер де бағдарламаға қатысады.
Бірақ елордалық жастар үшін баспананың қай жерде орналасқаны маңызды емес секілді. Қабылдау басталған күні 250-ден астам өтініш келіп түскен.
Ал Алматыда бағдарлама 30 қазанда басталды, 12 қарашада аяқталады. Осы күндері келіп түскен өтініш саны 600 шамасында.
Айбек Сайділдаев, Алматы қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары:
- Бастауымыз Саялы ауданынан басталып отыр. 249-ға жуық пәтер дайындалды. 1050-ге жуық пәтер жыл аяғына дейін беріледі.
Бұл бағдарламаға Шымкент қаласы да қатысып жатыр. Арзан арендалық баспана екінің біріне беріле бермейтінін де ескеру керек. Басымдық балдық жүйемен анықталады. Егер өтініш беруші 100 сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне сәйкес кәсіпті меңгерсе 10 балл, әр балаға – қосымша 1 балл, екінші деңгейлі банкте шотыңыздағы жинақтың әрбір жылы үшін 2 балл беріледі. Сала министрі депутаттардан осы бағдарламаны барлық аймақта жүзеге асыруды қолдауды сұрады.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Алдағы үш жылда осындай 9 мың пәтер беріледі. Егер сіздер қолдасаңыздар, жастарға арналған жалға берілетін баспананы еліміздің басқа да өңірлерінде 2022 жылдан бастап салу мәселесін көтеруге болады.
Бақытжан мен Айгүл Таукеновтер өтініш беріп үлгерді. Енді тек күту қажет болады. Айта кету керек, жалдамалы пәтерді 5 жылдан кейін босатып беру міндетті. 5 жылда бір баспана алатындай ақша жинамаса да, алғашқы жарна жинау үшін үнемдеуге тура келеді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Сәдуақасов, Аманжол Байғазин