ҚР Еңбек сіңірген әртісі Раиса Мұхамедиярова дүниеден өтті
Ол «Менің атым қожа», «Долана» фильмдеріндегі рөлдерімен қалың көрерменге танымал болды.
Қожаның сынып жетекшісі Хадиша Майқанованы танымайтын бала кем де кем шығар. Раиса Мұхамедированың кинодағы сәтті шыққан бұл рөлін сол кезде киносыншылар жоғарғы бағалады.
1939 жылы Семей өңірінде дүниеге келіп, Алматыда «Ағылшын тілі мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып жүрген бойжеткен 21 жасында «Ән шақырады» фильміне таңдауға келеді. Сұлу да, сымбатты әрі талантты қызды байқаған Шәкен Айманов оны басты рөлге бекітеді. Кино әлеміне осылайша аяқ басқан Раиса Мұхамедиярованы танымал еткен «Айдай сұлу Айсұлу», «Долана», «Әлсіз жүрек» сынды фильмдер болатын. Журналистерге берген сұхбатында ол әрдайым: «Бұл менің бағым», – деп айтатын еді.
Раиса Мұхамедиярова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
- Мен өте бақыттымын. Маған осындай тағдыр сыйлағаны, осындай өмір бергені үшін Алла тағалаға қатты ризамын. Осылайша киноға жетектеп әкелгені үшін де ризамын.
Қазақтың Джина Лолобриджидасы атанып кеткен актрисаға халық жазушысы, драматург Ғабит Мүсірепов есі кете ғашық болады. «Ұлтымыздың нар тұлғасы «жан-жарым болсаң қайтеді?!» деп ілтипат білдіргенде, жасы алпысты алқымдап қалса да қарсылық көрсете алмадым», – деген еді Ғабең туралы естеліктерінде. Одан екі перзент сүйді. Нәзік болмысына қарамастан театр сахнасында қайсар қыздарымыздың бейнесін сомдады. «Ақбілек», «Ботагөз», «Ұлпан» спектакльдерінде басты рольдерді ойнады.
Актрисамен қоштасу өзі халық алдында өнер көрсетіп, көрерменімен сырласқан қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында 7 қараша күні сағат 10:00-де басталады.