Қарағандыда сыбайлас жемқорлықпен күресудің тың тәсілі қолға алынды
Қазақстанда зерттеу жұмыстарын жүргізген халықаралық сарапшылар осындай қорытындыға келіп отыр. Қоғамды жайлаған осы бір кеселмен қалай күресу керек? Қай салада қылмыс көп? Бұл мәселелер Қарағандыда өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссияның кезекті отырысында талқыланды.
Жемқорлықтың аса ауыр қылмыс екенін балалардың санасына ерте жастан сіңіру керек. Осыған орай қазір Қарағандыдағы балабақшаның барлығында «Адал бөбек» бағдарламасы қолға алынды. Тәрбиешілер бүлдіршіндерге жағымсыз ертегі кейіпкерлері арқылы сыбайлас жемқорлықтан ада болуды үйретеді. Ал бұл жаман әдеттен ересектерді тыю, өкінішке қарай, мүмкін болмай тұр.
Денис Шәкенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаменті басшысы:
- Қарағанды облысындағы қала және аудан аппараттары, басқарма басшылары тұрмыстық жемқорлықты жоюға немқұрайлы қарайды. Түрлі қызмет көрсету салаларында сұранысты қолдан жасап, сол арқылы табыс табуды көздейтін азаматтар азаймай тұр.
Бизнес өкілдерінің айтуынша, әсіресе жер қатынастары саласында жемқорлық көп. Қылмыстың алдын алу үшін салдарымен емес, себебімен күресу керек. Қай тұста олқылық кеткенін анықтау қажет. Мәселен, тек биылғы жылдың өзінде мемлекеттік мекемелерге сыбайлас жемқорлық қаупін жою туралы 90-нан астам ұсыныс жасалған.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Сыбайлас жемқорлық қылмысымен қоғам болып күресуіміз керек. Сонда ғана тамырына балта шабамыз. Алдын алу жұмыстарын жандандыру қажет. Қылмыстың бұл түріне қолданылатын жаза түрін де қатаңдатқан дұрыс.
Қарағандыда халыққа мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін фронт-кеңсенің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа мекеме бір терезе қағидасымен жұмыс істейтін болады. «Бұл да келешекте жемқорлық қылмысын азайтуға сеп болады», – дейді мамандар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев