Автокөліктерді техникалық тексерістен өткізетін орталықтардың жұмысы тоқтады
Бұл қызмет түрін көрсететін орталықтар бір мезетте жұмыстарын тоқтатты. Оған орталықтарды «Техникалық байқау» бірегей ақпараттық жүйесінен ажыратып тастауы себеп болуда.
Бұл – Қостанай облысындағы жалғыз мобильді техникалық байқау станциясы. Қазір қозғалыссыз қаңтарылып тұр. Орталық иесі Талғат Наурызов осындай қымбат құрал-жабдықтардың жұмыс істемей, тірлігі тұралап тұрғанғандығына қынжылады. Осы уақытқа дейін кәсібінде еш кінарат болған емес. Бар проблема бірнеше күн бүрын орталықты «Техникалық байқау» бірегей ақпараттық жүйесінен ағытып тастағаннан кейін басталды. Сондықтан мұндағы 16 қызметкер мәжбүрлі демалысқа жіберілген.
Талғат Наурызов, техникалық байқау орталығының директоры:
- Сондағы айтатын уәждері, біздің арнайы бағдарлама талапқа сай емес. Нақты айтсақ, бағдарлама көлік құралының мемлекеттік нөмірін автоматты түрде анықтамайды. Мұның бәрі біз күтпеген жайт болды. Бірегей ақпараттық жүйеден ажыратып тастайтындығын ескерткен жоқ.
Қазақстанда 645 техникалық байқау орталығы бар. Қазір соның 160-ы жұмыс істемейді. Бәрінде де бір себеп, ақпараттық қамтамасыз ету жүйесі дайын емес. Оларда көліктің мемлекеттік нөмірі базаға қолмен енгізіледі. Талап бойынша автоматты түрде болуы шарт. Жыл сайын 2 млн-ға жуық автомобильші диагностикалық картаны жаңартып отырады. Көлік комитетіндегілер соның 5% техникалық байқау станцияларына тіпті келмейтіндіктерін анықтапты.
Данияр Қоспабаев, ҚР ИИДМ көлік комитеті төрағасының орынбасары:
- Бағдарламамен қамтамасыз етушілер бұл өзгерістер жайлы жарты жыл бұрын білген. Солардың үшеуі келіп, талапқа сай істеді. Еш проблема туындаған жоқ. Шындығына келгенде, жоқ жерде дау тудыру әрекеттері байқалып тұр. Кейбір бағдарламамен қамтамасыз етушілер өз клиенттеріне хат жазғызып, қасақана қарсы қойып отырған сияқты. Әрине, олар табысынан айырылғысы келмейді. Бірақ талапқа сай келмесе, оны несіне енгіздік?
IT мамандардың пікірінше, бағдарламаны басқаша дұрыстау ұзақ уақытты қажет етеді. Ал оның кесірін қарапайым жүргізушілер тартып отыр.
Пётр Кисель, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Техникалық байқау станцияларының төртеуінде болдым. Барлығының айтатыны – бір мәселе. Қайдан білейін, бір база жұмыс істемейді дейді. Сонда қарапайым адамдар қайтпек? Біз неге оның кесірін тартып, айыппұл төлеуге тиістіміз?!
Жаппай техникалық байқау станцияларын бірегей ақпараттық жүйеден ажырату әрекеті қызмет түрі ақысының күрт көтерілуіне әкеліп соқты. Екі күннің ішінде Қостанай облысында техникалық байқау бағасы 40% қымбаттады.
Авторлары: Мағауия Қалиев , Камила Тастанбекова, Сергей Трахтенберг