Алматыда ауадағы зиянды қалдықтар шамадан тыс артқан
«Қазгидромет» мамандары: «Бұл маусымдық кезеңге тән», – десе де, тұрғындар әлеуметтік желілерде қара түтін басқан қаланың суреттерін жүктеп, шағымдануда.
Қазір Алматының үстін жапқан қара түтінді көру үшін биікке көтерілудің қажеті жоқ. Жылу маусымы басталысымен қаладағы бұлыңғыр көрініске көз үйреніп, қолқаны қапқан иісті тұрғындар аса елемейтін болған. Алайда соңғы 3-4 күнде қаладағы атмосфералық ауаның жағдайын бақылайтын 16 бекеттен алынған мәліметтерге сәйкес ластану деңгейі шекті шамадан 6 есеге артқан.
«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, ауадағы зиянды қалдықтардың мөлшері шамадан 10 есеге артып, бұл жағдай 2 тәулікке созылса ғана шұғыл дабыл қағылады. Соңғы 10 жылда қалада мұндай жағдай тіркелмеген.
Әсел Рысқұлова, «Қазгидромет» АҚ жетекші инженері:
- Бостандық, Түрксіб, Жетісу, Медеу аудандарында қалқыма бөлшектері 2,5 шамада. Айтарлықтай қауіпті деп айта алмаймын. Бұл шекті жоғары шамадан шамалы ғана асқан.
Бұл – қараша айындағы көрсеткіш. Қыстың қақаған аязында жылу орталықтары мен жеке тұрғын үйлердің көмірді көп жағатынын ескерсек, көрсеткіштер көңіл көншітпейтіні анық. Ал эколог мамандар: «Алматының ауа райы жыл өткен сайын нашарлауда», – деп дабыл қағуда.
Сұңқар Жолдыбай, «ҚазЭкология» ЖШС сектор жетекшісі:
- Жылдан жылға ауаның сапасы нашарлап келе жатыр. Оны немен байланыстыруға болады? Қалада автокөлік жыл сайын көбейіп келе жатыр. Соған байланысты ауа да нашарлай бастады.
Бейресми мәліметтерге жүгінсек, мегаполистегі тұрғындар саны 2 млн-нан асқан. Ал көлік саны екі тұрғынға біреуден келеді. «Бір айта кетерлігі, соңғы жылдары қоғамдық көлік жаңартылды. Соның арқасында зиянды заттардың ауаға тарауы 2 мың тоннаға дейін азайды», – дейді қала билігі. Қазіргі уақытта екінші жылу орталығын газға көшіру мәселесі қарастырылуда.
Ержан Құсайынов, Жасыл экономика басқармасы экожүйелерді тиімді басқару қызметінің жетекшісі:
- Екінші жылу орталығын жаңғыртудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Ал бірінші жылу орталығы толығымен газға көшірілді. Алматы қаласын аймақтық дамыту жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін зиянды кәсіпорындарды қала сыртына көшіру қолға алынды.
Ауаны тазартудың бір жолы – жасыл желекті көбейту. Алдағы 3 жылда қалаға 1 млн түп ағаш отырғызылмақ. «Бұл ауаның ластану деңгейін 60% дейін азайтады», – дейді мамандар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев, Нұрдәулет Жақсыбаев