Көкшетаулықтардың үйді басқарушы ұйымдарға көңілі толмайды
Себебі олар өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқармай отыр. Қалалық тұрғын үй инспекциясына бағытталған арыз-шағымдар – осының айғағы.
Тұрғындардың желіде жазған арыз-шағымдары бойынша Әуелбеков көшесінің бойында орналасқан №137 үйге келдік. Халықпен тілдесе келе, көп адамның үйді басқарушы ұйымға көңілі толмайтынын байқалады. Бірақ мәселені камераға ашық айтып беретіндер аз.
Сайран Хабибулина, қала тұрғыны:
- Біздің ПИК ешқандай жұмыс істемей отыр деп айтуға болады. Үйде бірдеңе болса, сантехника және электр мамандарын өзіміз шақырамыз. Шатырдан су ағады. Оған әр отбасы 40 мың теңгеден жинап бердік. Әлі күнге дейін жөндеген жоқ. Кіреберістің жөндеу көрмегеніне 5 жыл болды. Ауламыз да оңып тұрғаны шамалы. Ақшасын уақытылы төлеп отырмыз.
Сайран апайдың сөзін көрші үйлердің тұрғындары да қолдайды. Айтуларынша кооператив деген аты болмаса, жұмыс істеп жатқандары шамалы.
Татьяна Нежинская, қала тұрғыны:
- Олардың жасағандары сапасыз. Мәселен, біздің үйдің құбырын жөндеді. Бірақ қазір су ағып тұр. Ал жертөлені ретке келтіріп жатқан ешкім жоқ. Астында қоқыс шашылып жатыр.
20 шақты көпқабатты үйді қарамағына алып, оларды қалыпқа келтіріп, күтіп-баптауға міндетті болған Тамара Карнатовская «біздің жұмыс кімге ұнамаса, құрамымыздан шығып кетсін» дегенге келтірді. Айтуынша өзі басқарып отырған ПИК мойнына алған міндеттерін толық атқарып отыр.
Тамара Карнатовская, Пәтер иелері кооперативі қызметкері:
- Кіреберістерді жөндеуге біз міндетті емеспіз. Бірақ соған қарамастан, керекті материалдарын сатып алып беремін. Әрі қарай атқарылатын іс – тұрғындардың өз жұмысы. Ал шатырды жөндеу үшін 700 мың теңгедей қаржы керек. Бірақ бүгінде оның жартысы ғана жиналды. Біздің негізгі міндетіміз – кіреберіс пен есік алдын жарықпен қамтамасыз ету және ортақ инженерлік желілерді жөндеу.
Ең қиыны: кооперативтердің жұмысын қадағалайтын органдар бар болғанымен, жазалай алатындар жоқ. Мәселен, Тұрғын үй инспекциясы оларға тек ескерту жазумен ғана шектеледі екен.
Рүстем Бейсенов, қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі:
- Тұрғындардың басқарушы органға тағар міні болса, оны заң бойынша сотқа бере алады. Болмаса, халық болып жиналып, басқа ПИК сайлауға құқылы. Қалада жап-жақсы жұмыс істеп жатқан ұйымдар жоқ емес. Сондықтан бұл жерде таңдау тұрғындардың өздерінде.
«Дегенмен қалада пәтер иелерінің 65 кооперативі болса, олардың жартысынан астамы өз жұмысын тиісті деңгейде атқарып отырған жоқ», – дейді жауапты маман. Ал оларды жөнге салуға заң әлсіз.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко