3 министрлікте цифрлық вице-министр тағайындалады
Олар: ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті. Ведомство басшысының айтуынша, мұндай тәжірибе Тұңғыш Президент – Елбасының келісімімен 2018 жылы 5 министрлікте енгізілген еді. Бұл алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуде өз тиімділігін көрсеткен.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Аталған шаралар бюджет түсімдерін арттыру мен шығыстарды қысқарту тұрғысында 2018 жылы 218 млрд теңге, 2019 жылғы 9 ай ішінде 305 млрд теңге табыс әкелді. Президенттің тапсырмасына сәйкес қосымша Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика және Ішкі істер министрліктеріне 3 вице-министрді тағайындау жоспарлануда.
Осы цифрландыру бойынша Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин министрлерге бірқатар тапсырма берді. Олар электрондық үкіметті дамыту мен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға қатысты. Мәселен, Асқар Мамин халық үшін мобильді құрылғылар арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер тізбесін кеңейту жұмысын тездетуді міндеттеді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80% халық интернет арқылы қол жеткізе алатын болады. Біздің алдымызда келесі жылдың соңына дейін осы көрсеткішті 90% дейін жеткізу міндеті тұр. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылы БҰҰ электронды үкіметті дамыту индексінде 28-орынға шығу керек. Бүгінгі таңда біз 39-орындамыз. Мемлекеттік бағдарламар нысаналы индикаторына қол жеткізу үшін шаралар қабылдау қажет.