Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына іссапармен барды
Сауда айналымының көлемін 1 млрд долларға жеткізу көзделген. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қырғыз еліне жасаған мемлекеттік сапары кезінде мәлім болды. Тараптар қай салада ынтымақтастық орнатты?
Қонақжайлық – қазақы қасиет. Қырғыздың да болмысында бар. Мұны елге мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевқа құрмет көрсеткенде анық аңғардық. Қазақстан Президентін Сооронбай Жээнбековтің өзі күтіп алды. Қол алысты, арқа-жарқа болысты. Мәртебелі мейманға бауырсақ пен бал ұсынды.
Қазақ пен қырғыздың тамыры да, тағдыры да бір. Қаратаңдақ алқымнан алған тұста қынадай қырылды. Ашаршылықтың зардабын бірге көрді. Одақтың озбыр саясатына да қасқая қарсы тұрды. Қандықолдардың құрбаны болғандарға арнап Бішкекте мемориалды кешен тұрғызылған. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен сол «Ата Бейіт» ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойды. Боздақтар рухына тағзым етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз елінде осыған дейін де болған. Бірақ мемлекеттік сапармен алғаш рет келіп отыр. Сондықтан мұндағылар мәртебелі мейманды барлық сән-салтанатымен күтіп алды.
Ресми делегация мүшелерімен танысқан соң мемлекет басшылары естелік суретке түсті. Ізінше шағын құрамдағы отырыс өтті. Екі жақ өзара байланысты дамытуға бағытталған маңызды мәселелерді талқыға салды. Қазір Қазақстан мен Қырғызстан арасында 180-ге жуық келісім бар. Солардың саны енді ұлғаяры сөзсіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің елдеріміз арасында ешқандай текетірес жоқ. Шын мәнінде біз біртуған халықпыз.
Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Менің шақыруымды қабыл алып, мемлекеттік іссапарыңызбен Қырғызстанға келгеніңізге алғыс білдіреміз. Қырғыздар мен қазақтар бір туған елміз. Қош келіпсіз, сізбен жолыққаныма өте қуаныштымын.
Шағын құрамда өткен кездесуде көтерілген мәселелер жоғары мемлекетаралық кеңестің кезекті отырысында да қызу талқыға салынды.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Ресми делегация мүшелерінің кеңейтілген отырысы Ала-Арчадағы үлкен жиын залында өтеді. Келіссөз жүргізуге барлығы әзірленіп қойған. Біздің елден келген делегаттар дөңгелек үстелдің оң қапталына жайғасады, ал қырғыз тарапы арғы бетте отырады.
Жоғары мемлекетаралық кеңестің соңғы отырысы 2014 жылы біздің елде өткен. Бүгінгі жиын – бесіншісі. Қаржы қысқан қазіргі тұста қарым-қатынастың шатқаяқтап қалуы әбден мүмкін еді. Бірақ бауырлас елдер бекем байланыстың бұзылуына жол бермеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қырғызстан – Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның екінші сауда серіктесі. Біз болашақта мемлекеттер арасындағы алыс-берістің көлемін 1 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оған біздің әлеуетіміз жетеді.
Былтыр мемлекеттер арасындағы өзара тауар айналымы 900 млн долларға жуықтаған. Біздің елден мұнай өнімдері, түсті металдар және астық жеткізіледі. Ал қырғыздар көбіне жеміс-жидектерін тасымалдайды. Мұнда жеңіл өнеркәсіп те біршама дамыған. Сондықтан тараптар бірнеше салада берік байланыс орнатуға мүдделі.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Қазір тараптар бірнеше маңызды құжатқа қол қойып жатыр. Арасында шекаралық аймақтағы кедергілерді жоюға, қауіпсіздікті жетілдіруге, денсаулық сақтау саласын дамытуға, миграция мәселесін шешуге бағытталған келісімдер бар.
Тараптар 10 бірдей құжатқа қол қойды. Одан бөлек мемлекет басшылары бірлескен декларация қабылдады. Бұл ұзақ жылдық байланыс орнатудың басты кепілі болса керек. Қазір елімізде қырғыздың мыңнан аса компаниясы жұмыс істейді. Ал мұндағы қазақстандық серіктестіктердің саны екі мыңға жуықтайды. Қазақстандық инвесторлар тәуелсіздік алғалы бері қырғыз экономикасына 1 млрд долларға жуық ақша құйған. Қазір олар тау-кен өндірісінде, өңдеу өнеркәсібінде еңбек етіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі елдің кәсіпкерлері ұдайы байланыста болу үшін оларға арнайы алаң құру жоспарда бар. Соның ең ұтымдысы – Қазақстан мен Қырғызстанның аймақаралық форумын өткізу. Осы бастаманы жүзеге асыру екі елдің үкіметіне жүктелді.
Қазақ пен қырғыз қоңсы қонған. Көрікті орындары көп. Сондықтан екі ел бірігіп, туризм саласын дамытуға кірісіп кеткен.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
- Өткен жылы біздің облысқа Ыстықкөл облысының делегациясы келіп кеткен. Сонда келісімшартқа отырдық. Бір-біріміздің қарым-қатынасымызды нығайтып, кейбір істерді бірге жасау туралы уағдаластық болды. Оның ішінде туризм саласы. Біз жақта Көлсай бар, ол жақта Ыстықкөл. Райымбек, Кеген аудандары бар. Сол жақта туризмді дамытуға болады.
Келер жылы «Қордай» мен «Қарасу» өткізу бекеттері күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жүк тасымалының артуына септігін тигізбек. Одан бөлек Шу өзені бойына жаңа көпір салу көзделген. Су ресурстарын пайдалануда да ортақ келісім бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі кездесуде Орталық Азиядағы су ресурстарының барлығына ортақ екені тағы бір айтылды. Қазір Қазақстан мен Қырғыз елі Шу мен Талас өзендерінің суын ортақ пайдаланады. Бұл – өзге елдерге мысал болатын дүние.
Қазақстанда соңғы жылдары медицина саласы ілгері дамуда. Қырғыз тарапы осыған қатты қызығып отыр. Қазір елімізде мыңға жуық қырғыз студенті білім алып жатыр. Оның 50-і денсаулық сақтау саласы бойынша білімдерін жетілдіруде.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазақстанда қолданылып жатқан кейбір медициналық жабдықтар қырғыз елінде әзірге жоқ. Сондықтан біз оларға тәжірибе алмасуға, тың әдістерді меңгеруге мүмкіндік беріп отырмыз. Қырғыз студенттері біздің елге келіп, білімдерін шыңдайды. Сондай-ақ Қазақстанда шығарылатын кейбір дәрі-дәрмек өнімдерін қырғыздарға ұсынбақпыз.
Қазақ пен қырғызды руханият байланыстарды. Біздің салтымызда ұқсастық бар. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылдары екі елдің мәдениет күндерін өткізу туралы ұсыныс жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр біздің елімізде Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Екі елдің рухани байланысын дамыта беруіміз керек. Сондықтан келер жылы Қырғызстанда Қазақстанның мәдениет күндерін, ал 2021 жылы Қазақстанда Қырғызстанның мәдениет күндерін өткізуді ұсынамын.
Жиынды түйіндеген мемлекет басшылары тараптар арасындағы келсіссөздің жемісті өткенін тілге тиек етті.
Авторы: Дастан Сейілханұлы