Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев талантты жастармен кездесті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев озық ойлы, жаңашыл көзқарасты жастармен кездесті. Халықаралық білім бәйгелерінің жеңімпаздарына «Ел мақтанышы» сыйлығын табыстады.
Біздің буын егемендікке қол жеткізіп, бүгінгі ұрпаққа аманат етті. Енді сол ең қастерлі құндылықты сақтап қалу шарт. Бұл – Тұңғыш Президент – Елбасының жаңа буын жастарға айтқан басты өсиеті. Ал қазір өскелең ұрпақ сенімге селкеу түсірмейтін халде. Өнер мен білімнің кілтін тауып, аспан көкке асам деуші жастарға қолдау бар, қаржы да жеткілікті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Ата-бабамыздың үмітін орындадық. Ең бірінші байлық – тәуелсіздікті ұстап қалу. Мен өз қатарыммен бір қазақтың шаруасын істеген шығармын деп ойлаймын. Ал келер ұрпақтың жұмысы мүмкін одан да қиын болатын шығар. Сондықтан болашақ – білімде, ғылымда.
Еліміздің 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасына сай келешек ұрпақ білімді әрі үш тілді жетік меңгерген тұлға болуы тиіс. «Сондықтан стратегиялық құжатты жүзеге асыруда ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне мән бердім», – деді Елбасы. Осы мүдде жолында өткен ғасыр соңына қарай «Болашақ» бағдарламасы дүниеге келді. 13 мың жас шетелде тегін білім алды. Әр өңірде заман талабына сай зияткерлік мектептер ашылды. Жуырда Түркістанда тағы біреуі есігін айқара ашады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Әр облысқа барған кезде мен сол мектепке кіріп шығамын. Біздің талантты еліміз, ұрпағымыз бар екенін көргенде болашаққа деген сенім бойыңды алады.
Болашаққа нық сенім ұялатқан жастардың бір парасын Елбасы марапаттады. Тұңғыш Президент қорының жаңа бастамасы «Ел үміті» жобасының қатысушылары Батыр Сардарбеков ұстазы Темірлан Сатылхановпен бірге 2 млн теңге сыйақыға ие болды. Халықаралық ақпараттық технолологиялар университетінің студенті информатикадан Әзербайжанда өткен жарыста алтын жүлде еншілеген.
«Ел мақтанышы» – халықаралық олимпиада жеңімпаздарына арналған Тұңғыш Президент қорының сыйлығы. Білім бәйгелерінде оза шапқан өрендерге 500 мыңнан 2 млн теңгеге дейін сыйақы беру үшін тағайындалады. Бұл – сол Елбасы қорының «Ел үміті» жобасының нақты нәтижесі. Бастама аясында талантты жастарды қолдау, шетелге тағылымдамаға жіберу, гранттық қаржы ұсыну сынды бағыттар қамтылады. Жоба қатысушылары еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Тұңғыш Президент қоры аясында ІТ кеңес құрылған болатын. Оған ақпараттық технология саласын жетік меңгерген жастар бірікті. АҚШ-тың кремний алқабында жұмыс істеп жүргендері елге оралып, өз елінің мүддесі үшін қызмет етуге кірісті.
Рашид Дүйсембаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры IT кеңесінің төрағасы:
- Біз «Смарт жолы» атты жоба арқылы стартаптарды ілгерілетуге көмектесеміз. 3 жылда 2 мың қазақстандықты осы іске тарттық. Үздік деген 27 жобаны Сингапурге жібердік. Олар Оңтүстік-Шығыс Азияның ең үздік 100 жобасының қатарына енді.
Қазақстандық өреннің жобасы енді Марста қолданылуы мүмкін. Дәл осы қордың қолдауымен былтыр «NASA's Space Apps Challenge» жарысына қатысқан Тимур Рысбековтің командасы мамандандырылған роботты таныстырды. Сол жобасымен жеңіске жетті.
Тимур Рысбеков, «Ел үміті» жобасына қатысушы:
- Мұның басты ерекшелігі мәліметтерді тез арада өңдеп, нәтижесін Жерге жібереді. Ол үшін біз кездейсоқ сандардың кванттық генераторын ойлап таптық. Жобамызды патенттеп алдық. Робот химиялық 87 мың реактивті зерттеп, температурасын анықтап, радиациясын зерделейді. Қажетті симуляция жүргізуге де мүмкіндік береді. Енді бізге халықаралық компаниядан кремний алқабына шақырту келді.
Нұрбек Надировтің жетістігі медицина саласының адымын алшаңдатты. Омыртқаның туа бітті немесе жүре пайда болған өзгерістерін қалпына келтіруге көмектеседі. Қазақстанда мұндай дертке қарсы бұрын-соңды операция жасалмаған болатын.
Елбасы алдында кәсіпкерлік саласының бүгінгі буыны да қол жеткен жетістіктерімен бөлісті. Ата кәсіпті өрістеткен Баян Дүйсенбек түйе сүтінен балмұздақ жасаумен айналысады. Мемлекет қаржысын ұқсатып, шаруасын ширатып келеді.
Жастардың бойынан зор қажыр-қайрат, мол күш-жігерді байқаған Елбасы: «Біз – мықты елміз», – деді. Солай болуы тиіс те еді. Ғылым мен білімге ұмтылған буынның ғана келешегі кемел.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Біз бір жерден шыққан елміз. Соны ұмытпау қажет. Біз көшбасшылық қасиеттерді дамыту, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында патриотизмді күшейту үшін арнайы жобаны қолға алдық. Жастарды өзін-өзі дамытуға және жетістікке жетелейтін мұндай бағдарламалар әлемде өте танымал. Қазақстан – Орталық Азияның көшбасшысы. Енді басты міндет – сол абырой-беделден айырылып қалмау.
Тұңғыш Президент қоры қазір ауқымды трансформациядан өтіп жатыр. Өңірлердегі қабілетті балаларды іріктеу, ізденімпаздарын ынталандыру, қала берді ауыл мектептерін жаңартуға да атсалысады. «Себебі болашақ жастардың қолында. Қазіргі алмағайып заманда көштен қалмау маңызды», – деді Елбасы.
Авторы: Рауан Мыңбаев