Қарағанды облысындағы Қайрақты ауылының тұрғындары өзен арнасын бекітуді сұрайды
Себебі елді мекен іргесіндегі Шерубай-Нұра өзенінің арнасын құм басып қалған, қар ерігенде су ернеуінен асып кетеді. Тұрғындар өзен арнасын тереңдетуді сұрап, аудан әкімдігіне сан мәрте хат жазған. Жергілікті билік биыл әйтеуір мәселені шешудің оңтайлы жолын тауып, жұмысты бастағанмен, аяқсыз қалды.
Қайрақты ауылы Шерубай-Нұра өзенінің бойында орналасқан. Әр көктем сайын елді мекеннің 200-ге жуық тұрғыны жанын шүберекке түйіп отырады. Себебі өзеннің тұңғиығына құм толған, су арнасынан асып, ауылға кіреді екен.
Жанат Қалдыбаев, ауыл тұрғыны:
- Көктем кезінде үнемі эвакуация болады. Далаға көшеміз. Бала-шаға тегіс ауданға көшеді. Ауылда мектеп бар. Балалар сабақтан қалады. Құмды алып, өзен қабағына тас төгіп берсе, содан басқа ештеңе керек емес.
Бұл мәселеден жергілікті билік хабардар. Аудан әкімдігі сол маңдағы автобан құрылысына қатысушы компаниялардың бірімен келісімшарт жасасып, өзен арнасын тазартып беруді сұраған.
Болат Тәкішев, Ақсу-Аюлы ауылдық округінің әкімі:
- Трассаның бойында жұмыс істеп жатқан шаруашылықпен келісіп, жаңағы құмды алып, жағалауға тас үюді қолға алған болатынбыз. Сол жұмыстар басталған бетте бізге облыстық Полиция департаменті мен Экология басқармасынан арнайы қызметкерлер келіп, істі тоқтатып тастады.
Экологтардың айтуынша, өзен арнасын тазалау, ондағы құмды тасу заңға қайшы. Сондықтан жұмыс тоқтатылған. Қазір табиғат жанашырлары Полиция департаментімен бірлесіп, мәселенің ақ-қарасын анықтап жатыр.
Айман Құлатаева, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:
- Қайрақты ауылы маңындағы өзен арнасынан топырақ алу жұмыстары жүргізілген. Аталған факт Полиция департаментінде қарастырылуда. Егер заңбұзушылық анықталса, бізге құжаттар келіп түседі. Заңға сәйкес шаралар қолданамыз.
Осылайша көптен күткен жұмыс аяқсыз қалып, ауыл жұртының қуанышы ұзаққа бармады. Енді тұрғындар көктемде тағы су астында қаламыз ба деп алаңдаулы.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев