Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер тиісті құжатқа қол қойды
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары тиісті құжатқа қол қойды. Бішкекте өткен саммитте алты елдің басшысы лаңкестерге қарсы күрес және есірткі тасымалына тосқауыл қою мәселелерін де қарастырды. Алдағы уақытта осы елдің жауынгерлері бірлескен оқу-жаттығу шараларын өткізеді.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Биылғы жыл қырғыз елі үшін өте жауапты болды. Айыр қалпақты ағайын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына алғаш рет төрағалық етті. Ала-Арча резиденциясында алты елдің басшысы бас қосты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саммитке бірінші рет қатысып отыр.
Мәртебелі меймандарды Сооронбай Жээнбеков жылы қарсы алды. Мемлекет басшылары қол алысып, естелік суретке түсті.
Жауапты тарап бұл саммитке тыңғылықты әзірленген. Жиын басталмас бұрын төңіректі гүлмен көмкерді. Тарихи сәтті таспаға түсіру үшін камераларын дайындап жатты. Енді бірі кеңейтілген отырыс өтетін залды ретке келтірумен әлек. Үстелге артық зат қойылмаған. Тек ең керектілері ғана бар мұнда. Іште де, сыртта да қарбалас. Мәрмар төселген еденді мұнтаздай қылып жатыр. Қырғыздардың бұлай қарбалас болуы түсінікті. Өйткені бұл саммит елде бірінші рет өтіп отыр.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Мемлекет басшылары алдымен шағын құрамда кездесті. Отырыс осы кіші залда өтіп жатыр. Бірақ президенттердің қандай мәселені талқылап жатқанын біле алмаймыз. Себебі жиын жабық түрде өтуде.
Тараптардың қандай мәселені қаузағаны кейін мәлім болды. Мемлекет басшылары кеңейтілген құрамдағы отырыста аймақтағы қауіпсіздікті күшейту, сырттан келетін сын-қатерлерге төтеп беру мәселелерін қарастырды.
Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында дағдарыстық іс-қимыл жасау орталығын құқықтық рәсімдеу аяқталып, әскери, әскери-экономикалық және әскери-техникалық ынтымақтастық саласында қойылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша нақты қадамдар жасалды. Бұл ретте ірі оқу-жаттығулар өткізілді. Нәтижесінде ұйымға мүше елдердің қарулы күштері өзара тәжірибе алмасып, біліктіліктерін шыңдады.
Саммитте аймақтағы ахуал ғана емес, өзге мемлекеттерде болып жатқан текетірестер де сөз болды. Өйткені құрлықтағы шиеленіс реттелмесе, қауіп-қатер біздің аумаққа да ойысып кетуі бек мүмкін.
Валерий Семериков, ҰҚШҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы:
- Жиында мемлекет басшылары Тәжікстан-Ауғанстан шекарасындағы шиеленісті азайтуға бағытталған қосымша шаралар тізбесін бекітіп, арнайы құжаттарға қол қойды. Бұл қадам ондағы ахуалды ретке келтіруге септігін тигізбек.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы өзге халықаралық ұйымдармен де бірлесіп жұмыс істеуі керек. Саммитке қатысқан мемлекет басшылары осындай тоқтамға келді. Әсіресе терроризммен күреске және есірткі тасымалының жолын кесуге басымдық берілуі тиіс. Ол үшін ұйымға мүше мемлекеттердің қарулы күштері тұрақты түрде бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізіп жатыр. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Біз халықаралық лаңкестік және экстремизммен күрес саласында өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделіміз. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы кеңістігінде халықаралық лаңкестік топтарды анықтау мен жою бойынша бірлескен операциялар тәжірибесін жалғастыруды дұрыс деп санаймыз. Сондықтан алдағы 5 жылға арналған арнайы стратегия қабылдауды ұсынамыз.
Келесі жылы Ұлы жеңістің 75 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Мәскеуде ауқымды әскери парад ұйымдастырылады. Владимир Путин өз әріптестерін соны тамашалауға шақырды. Жиын соңында тараптар бірнеше маңызды құжат қабылдады. Ал Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына келесі жылы Ресей Федерациясы төрағалық етеді.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ербол Дайыров, Бақытбек Нұртаев