1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні
Өйткені 28 жыл бұрын дәл осы күні бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев егемен елдің Тұңғыш Президенті болып сайланды. Сол сәттен бастап ел тағдыры Ұлт көшбасшысының қолына сеніп тапсырылды.
Жалпы елдің іргетасын қалаған тұлғаларды ардақтау, олардың билікке келген күнін ұлттық мейрам ретінде атап өту – өркениетті елдердегі дәстүр. Біз бұл мерекені 8 жыл қатарынан тойлап келеміз.
Бала көргенін ұмытпайды. 21 жастағы Ақнұр қазір әр қадамын жасаған сайын осы сәттерді кинолентадағыдай көз алдына елестетеді. Туғаннан сал ауруына шалдыққан қыз 9 жасқа дейін қарыс қадам аттауды білмейтін. Біраз жыл бұрын ем алып жатқан ауруханаға Елбасы келіп, ырымдап тұсауын кескені бар. Сол күннен бастап екі аяғын тең басатын халге жетті.
Ақнұр Серікова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Ол кісі менің қолымнан ұстады. Сол сәт әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Қолы жып-жылы. Мені қолымнан алады деп ойлаған жоқ едім. Жүргізгенде аяғым ауру емес, сау екенін сезініп, кәдімгі адамдар секілді жүріп кеттім.
Енді ғана тәй-тәй басқан жас мемлекеттің де аяғынан тік тұруы үшін Елбасы аз тер төккен жоқ. Ол кезде әлем Қазақстанды бағыт-бағдары белгісіз, мемлекет болып қалу-қалмауы екіталай ел ретінде қабылдады. Биліктің барлық сатысынан өткен, саясаттың қайнаған қазанында пісіп жетілген тұлға ең алдымен қоғамның қарама-қайшылығымен күресіп бастады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Пәтерлерді жылытатын жылу болмай, суық үйде тұрды. Жалақыға, зейнетақыға ақша жоқ. Дүкендер бос. Сондай жағдайдан бастадық. «Бұл Қазақстан мемлекет болмайды» дегенді мен талай естідім. Дегенмен, мемлекет құрылды.
Мемлекет құрылды. Оны түгел әлем мойындады. «Қазақ ұлт болмайды, болмысынан айырылады» деп айқайға аттан қосқандардың аузына құм құйылды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Бүгінгі күні Қазақстан экономикасының аумағы мына төрт ағайынды бірдей санасақ, Өзбекстан,Қырғызстан, Тәжікстанды – бәрін қосқанда, екі есе көп. Шекараның 1-2 километр жері шешілмесе, ылғи төбелес, соғыс. Мені оны шешіп, шегендеп, келер ұрпақтан бұл мәселені алып тастадым. Бұл – өте үлкен табыс.
Шекарадан бөлек мемлекеттің басты нышандары саналатын төл рәміздеріміз де осы жылдары таңдалды. Жандарбек Мәлібеков – тарихи оқиғаның басы-қасында болғандардың бірі. «Елтаңба таңдауда талас-тартыс аз болмады», – дейді. Бірақ 300-дей елтаңба нұсқаларының ішінен Мәлібековтікі үздік деп танылды.
Жандарбек Мәлібеков, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы:
- Біз тәуелсіздік алдық. Тәуелсіздіктің өз жолы бар, өзінің жұлдызы бар. Сіздер жұлдызға таласпаңыздар. Ол Кеңес үкіметінен қалған белгі емес. Тәуелсіз елдігіміздің өзінің жұлдызы болады. «Біздің жұлдызымыз әр уақытта жарқырай берсін» деп қазіргі Елтаңбадағы жұлдызды қадаған Елбасы еді.
Мемлекет басшысының жұмысы жарлық пен заңдарға қол қойып, кездесу өткізумен ғана шектелмейді. Елбасының алғашқы баспасөз хатшысы боп қызмет еткен Ғаділбек Шалахметов мұны жақсы біледі. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты билікке келмей тұрған кезінен жақсы таниды. 1967 жылы Теміртауда жас металлургтен алғаш боп сұхбат алған да өзі еді.
Ғаділбек Шалахметов, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы (1991-1992жж.):
- Сонда барып мына камерамен түсірдік, сөйлестік. Ол – металлург. Мен де металлургияны бітірген адаммын. Сол хабар қазақ теледидарында шықты.Өте жақсы болды. Адамдар өзгермейді. Адам қалай туса, соны сақтап жүреді. Біздің Нұреке сондай.
Ғарифолла Есім, қоғам қайраткері:
- Елбасының бойындағы мен бір бағалайтын қасиет – өзінің алған мақсатынан қайтпайтындығы. Соны соны аяғына дейін орындап шықпай тұрғанда «анау, мынау» деп айтатындарға көнбейді. Мысалы, Астананы көшіруге қатысты. Кім не айтпады? Елбасыға «Айдалаға апара жатырсыз» деп қатты сөздер де айтты. Жалғыз өзі көнбей қойды. Ақыры астананы алып келгені дұрыс болды ғой. Мына 5 облысымызды Ресей аламыз деп отырды. Сол мәселе күн тәртібінен түсті. Бұл ерлік пе? Ерлік!
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Қалай бұл қаланы саласың? «Не, су шықты ма астыңнан?» деген әңгімені көп естідім ғой. Бірақ ол да біздің геополитиканың шаруасы еді. Оны түсінген адам түсіне береді. Бұл жерде қазақ мүлде жоқ, болатын қазір Қазақстанның ең қазақи қаласы Нұр-Сұлтан қаласы болды.
Қазақтың елордасы қазір әлемдiк деңгейдегi саяси iрi орталыққа айналып үлгердi. Әлемдік аренада да «Қазақстан жолы», «Қазақстандық даму моделі» деген ұғымдар трендке айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Я никогда не мечтал в детстве, в юности, в школе, в университете, когда буду президентом. Но у меня было другое: где бы я ни был, я не хотел быть вторым.
Ақнұр 1 желтоқсанды да, Тұңғыш Президентті де ерекше жақын тартады. Өйткені оның бірінші қадамы осы күнмен, осы жанмен тығыз байланысты. Біз де бұл күнді елдің тойы деп қабылдаймыз.Өйткені Қазақ Мемлекетінің дербес ел ретіндегі бірінші саяси қадамы осы күннен бастау алады. Сондықтан бұл күн азаттық алудың, аяқтан тұрудың символы тәрізді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Әлібек Әлиев, Марат Құрақов