Түркістанда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған
Бұл пікірмен мүгедектер арбасына отырып, қаланы аралап шыққан шаһар басшысы да келісіп отыр.
Бұл – Түркістан қаласындағы «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорына тиесілі бейімдеу орталығы. Мұнда еліміздің әр аймағынан келген мүмкіндігі шектеулі жандар жаттығады. Олардың дені – жол апатына түсіп, беломыртқасына зақым келгендер. Көпшілігі қоларбаға таңылған. Қалада мүгедектердің жүріп-тұруына кедергі келтіретін дүниелердің көп екенін айтады.
Нұрдәулет Бошанов, Түркістан қаласының тұрғыны:
- Көп мекемеде пандус деген жоқтың қасы. Кейбір жерлерде бар, бірақ ол бізге арналмаған. Тым биік. Мініп-түсу қиындық тудырады.
Зульфия Тоқтыбаева, шу қаласының тұрғыны:
- Стандартқа сәйкес келмейтін пандус өте көп. Мен өзім қалаға шығу үшін қасыма көмекші керек. Оның қасына екі көмекші керек. Өйткені баспалдақтар, бұрылыс-қиылыстар бар, солардан өте алмаймыз.
Арнұр Түгелбаев, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Екі жұма бұрын облыс әкімінің орынбасарымен бірге тексергенбіз. Сол кезде өзі арбаға отырып, тексеріп шықты. Өзі көріп, көзі жетті.
Рашид Аюпов, Түркістан қаласының әкімі:
- Шамалы биік болса, көтерілу өте қиын. Түсу кезінде де күш болмаса, оны ұстап тұру да қиынға соғады. «Басыңа түспесе, түсіну қиын» деген осы екен.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік нысандар мен ауруханаларға көп барады. Сол кезде кедергілерге жиі ұшырайды. Сондықтан жергілікті атқамінерлерге өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Арнұр Түгелбаев, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Пандустарды тексеретін бір мекеме болса. Әрқайсысы келіп тексереді, яғни бір жауапты жоқ. Бір-біріне сілтей береді.
Жақында ғана облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевпен бірге қоларбаға отырып, қаланы аралап шыққан шаһар басшысы Рашид Аюпов: «Жалғыз пандус емес, жаяу жүргіншілердің жолымен келе жатып, көшенің арғы бетіне өту үшін де өзгелерден көмек сұрауға мәжбүр боласың. Өйкені мүгедек жандарға жағдай жасалмаған», – дейді.
Рашид Аюпов, Түркістан қаласының әкімі:
- Сол іс-шарадан кейін барлық кәсіпкерді жинап, келісімге келдік. Айыппұл төлемеу үшін ғана емес, жалпы іштегі әрбір қабатқа, бөлмелерге кіруге мүмкіндік болу үшін стандартты бекітіп, кәсіпкерлермен бірге жұмыс істейтін болдық. Бірақ 1-кезеңде оның бәрін істеу мүмкін емес. Бірінші қоңырау қойылады. Қоңырауды басқан кезде іштен қызметкерлер шығып, кіруіне көмектесетін болады. Әрі қарай көктемнен бастап, бүкіл қалада кәсіпкерлер: «Өзіміздің пандустарымызды сәйкестендіреміз», – деп уәде берді. Біз соның стандарттары туралы ақпаратты бердік.
Қала әкімінің айтуынша, осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев құрылысқа жауапты барлық сала маманын жинап, мүгедек жандардың кез келген қоғамдық орынға баруына кедергі келтірмейтіндей жағдай жасап, жаңадан салынып жатқан ғимараттардың пандустары тиісті талапқа сай болуын тапсырды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат әбіш, Самат нағашыбекұлы